2021 жылдың 14 қыркүйегінде Меркі ауданы, Меркі ауылындағы "Меркі", "Хан" базарындағы кәсіпкерлер 12.40-та әкімдікке базарды жаппауын талап етіп келген, деп хабарлайды zakon.kz Жамбыл облысы әкімдігіне сілтеме жасап.
Меркі ауылы, Торғаев көшесінің бойында "Меркі", "Хан" және "Аспара" базарлары орналасқан.
Әкімдіктің хабарлауынша, көшенің бойында ретсіз жабайы сауда орындары қалыптасқан. Нәтижесінде көше бойы үнемі қоқыс, лас болып тұрады. Көше бойы мен базар іші санитарлық талаптарға сәйкес келмейді.
Сонымен қатар, көлік кептелісі тұрғындардың наразылығын тудырып, мектепке оқушыларды апару, жалпы халықтың жүріп тұруына ыңғайсыз болуда.
Сондықтан, базардың қақпасы күн батыс аумағына ауыстыру жоспарланды. Осы ретте, базардың жаңадан ашылатын қақпасына (Исмайлов көшесінен) баратын жолға арнайы бағдаршам орнатылып, жолы асфальттандырылды. Көлік қоятын парковка жасалды. Жаяу жүргіншілер жолы жасалып, реттелді.
Базардағы кәсіпкерлерге базарды жабу мәселесі айтылған жоқ. Тек, қақпасын батыс жағынан ашу бойынша жұмыстар жүргізілгені жеткізілді.
Дегенмен, базар орналасқан аумақ "Ортағасырлық Меркі қаласы" археологиялық орны болып табылады. Бұл жер Меркі ауылдық округіне қарасты.
Базар иелері келісім шартта көрсетілген талаптар орындалмай, санитарлық талаптар сақтау бойынша ескерту жасалған. Сондай-ақ, базардың иелерімен жасалған келісім шарт мерзімі 2022 жылы аяқталатын болғандықтан, базар басшылығы кәсіпкерлерді ұйымдастырып, наразылықтарын білдіруге келген.
Аталған кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 14.30-да тарады. Сонымен қатар, Меркі ауылдық әкімдігі тарапынан 2021 жылдың 11 қыркүйегінде кәсіпкерлерге базардың қақпалары күн батыс бетінен ашылатыны туралы хабарлама беріліп, таныстырылған.