Мәжіліс депутаттары Қазақстанда тіркелуден бас тартқан әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің жұмысын шектейтін нормаларды бала құқығын қорғау туралы заң жобасына енгізіп жіберіп, оны бірінші оқылымда мақұлдап тастады деп хабарлайды Paryz.kz, zakon.kz-ке сілтеме жасап.
Заң жобасында балалардың баспанаға құқығын қамтамасыз етуге, сондай-ақ баланың отбасылық қарым-қатынастағы мүдделерін қорғауға және желідегі заңға қайшы контентті бақылауға бағытталған жекелеген нормалар жетілдірілген делінеді.
"Ақпараттандыру туралы" заңның 1 бабын 73) және 74) тармақшалармен толықтыру ұсынылды, онда онлайн-платформа, интернет-ресурс, лезде хабар алмасу сервисі деген ұғымдар енгізілді.
Тағы бір түзету әлеуметтік желілердің Қазақстан аумағында жұмыс істеуінің нақты ережелерін белгілейді. Мәселен, өз қызметін жүзеге асыру үшін шетелдік онлайн-платформалардың немесе лезде хабар алмасу сервистерінің иелері міндетті мемлекеттік тіркеуден өтіп, Қазақстанда өз өкілдіктерін ашуы керек.
Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Кемелбек Ойшыбаев өз ведомствосының депутаттардың бұл түзетулерін қолдайтынын айтты.
Заң жобасында әлеуметтік желілер мен мессенджерлерге қатысты нормалар ұсынылды, біз оларды қолдаймыз. Өйткені ақпарат кеңістігін талдау мен бақылау кезінде біз кибербуллинг көп екенін көрдік. Министрлікке де өтініштер көптеп түседі, - деді Ойшыбаев.
Оның айтуынша, 2020 жылы жүргізілген мониторинг барысында ғаламторда 70 мыңға жуық кибербуллинг фактісі анықталды. Содан кейін министрлік әлеуметтік желілер мен мессенджерлер әкімшілігіне материалдарды жою туралы өтінішпен 1800-ге жуық сұрау салды. Бірақ 2021 жылы бұл сандар 140 мыңға дейін өсті.