16.09.2021, 00:30

Ауғанстаннан келген қандастардың қай облысқа орналасатыны белгілі болды

9 қыркүйекте Ауғанстаннан 35 қандас тарихи отанына оралған еді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Ауғанстаннан оралған этникалық қазақтарды орналастыру мәселесін қарастырып жатқанын айтты, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерболат Абдулхатиннің айтуынша, 35 қандастың 29-ы этникалық виза алған. Қалған алтауы өздерін Ауғанстандағы Қазақстан елшілігінде құрылған арнайы комиссия алдында қазақ екенін дәлелдеген.

Министрлік оларды оралмандар мен қоныс аударушаларды қабылдауға квотасы бар өңірлерге орналастыруды қарастырып жатыр екен.

Бұл Павлодар, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары. Квота аясында әр адам басына 70 АЕК мөлшерінде (204 мың теңге) бір реттік төлем беріледі,"- дейді Ерболат Абдулхатин.

Ол сондай-ақ "мүмкіндігінше "Еңбек" бағдарламасы аясында салынған баспанамен қамтуға тырысамыз. Немесе мемлекет үйді жалға алу ақысы мен коммуналдық төлемдерді төлеп береді, - деп мәлімдеді.

Қазір Ауғанстаннан оралған этникалық қазақтар Алматы қаласында орналасқан. Оларға "қандас" мәртебесі берілген соң, сол арқылы квотаға қол жеткізе алады. Олар "қандас" мәртебесімен қатар ҚР азаматтығын алуға, тұрақты мекенжай квоталарына өтінім бере алады.

9 қыркүйекте Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Ауғанстаннан 35 қандас тарихи отанына оралған еді.

Тегтер: Ауғаныстан