18.09.2021, 17:33

Линдердің өлімінен кейін ауыр атлеттер медальдарын қоқысқа тастады (видео)

Фото: ашық дереккөз
Қазақстандық ауыр атлеттер Михаил Макеев пен Фархат Самарханов Альберт Линдердің өлімінен кейін оның спорттағы әріптестері әлеуметтік желі арқылы үндеу тастап, өздерінің жарыста жеңіп алған медальдарын қоқысқа тастады.

Қазақстандық ауыр атлеттер Михаил Макеев пен Фархат Самарханов медальдарын қоқысқа лақтырды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Sports.kz басылымының жазуынша, қазақстандық ауыр атлет Альберт Линдердің өлімінен кейін оның спорттағы әріптестері әлеуметтік желі арқылы үндеу тастап, өздерінің жарыста жеңіп алған медальдарын қоқысқа тастады. Олар осы арқылы спорттағы былықтың бетін ашқысы келетінін және төгілген тер мен еңбектің ел үшін емес, жеке тұлғалардың пайдасы мен мүддесі үшін жасалып жатқанын жеткізгісі келетінінін мәлімдеген.

"Альберт Линдер қайтыс болғаннан кейін мен бір нәрсені түсіндім. Жылдар бойы үлкен еңбекпен келген медальдар маған енді қажет емес. Мен өз халқым үшін емес, басқа адамдардың пайдасы үшін жаттығып, жарысқа қатысқанымды біліп осындай қадамға барып отырмын", — деді Макеев.

Макеевтің бұл бастамасын Фархат Самарханов та қолдап, алған медальдарын қоқыс жәшігіне жіберді.

25 жастағы Альберт Линдердің өліміне байланысты қазір қылмыстық іс қозғалған. Линдер жастар арасында әлем чемпионы, Азия чемпионы, Универсиаданың жеңімпазы және рекордшысы деген атақтарға қол жеткізгенін айта кетейік.