$ 494.87  520.65  4.91

«Үйдің жаңа иесі де оққа ұшқан»: Алматыдағы трагедия неден басталды? (ВИДЕО)

Полицейлер сот үкімін орындауға келген. Сол кезде баспананы босатуға міндетті ер адам үйге кіріп кетіп, аулада тұрған адамдарға оқ жаудырған.

Кеше Алматыда болған қанды оқиға елді дүрліктірді. Қала тұрғыны тәркіленген баспанасын бергісі келмей, үйді босатуға келген бес бірдей адамды атып тастады. Sputnik Қазақстан осы қылмыстың хронологиясын назарларыңызға ұсынады.

Үйдің жаңа иесі досымен бірге оққа ұшты

20 қыркүйек күні кешке қарай әлеуметтік желіде белгісіз біреудің бес адамды атып тастағаны туралы ақпарат тарады.

"Ақбұлақ шағын ауданында үй иесі сот орындаушылары мен учаскелік инспекторларға оқ атты. 5 адам қайтыс болды: 2 полицей, 1 сот орындаушы және 2 жеке тұлға", - делінген хабарламада.

Ал бір сағаттың ішінде полицияның ресми хабарламасы тарады. Тәртіп сақшылары үйді босатуға келген бес адамның оққа ұшқанын растады. Әуелі полицейлер мен сот орындаушысымен бірге келген екі адам төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері деген мәлімет болды. Алайда төтенше жағдайлар министрлігі оны жоққа шығарды. Артынан оқиға орнына барған тергеушілер де құтқарушылардың болмағанын айтты. Оққа ұшқан төртінші адам үйдің жаңа иесі болса, оның досы атыстың бесінші құрбаны болды. Ол куәгер ретінде барған.

Полиция атыс болған жерді бірден қоршауға алды. Ал кешке қарай департамент басшысының тергеу ісі жөніндегі орынбасары Рустам Әбдірахманов шұғыл брифинг өткізіп, журналистерге атыстың қалай басталғанын айтып берді.

Трагедия шамамен сағат 17:00-де болған. Сот орындаушысы мен полицейлер сот үкімін орындауға келген. Сол кезде баспананы босатуға міндетті ер адам үйге кіріп кетіп, заңды түрде тіркелген қарудан сот орындаушысы мен аулада тұрған адамдарға оқ атқан. Қайтыс болғандардың ішінде біздің екі қызметкеріміз, сот орындаушы және тағы екі адам бар. Олардың бірі – үйдің жаңа иесі", - деді Әбдірахманов.

Алматының бас тергеушісі күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Ол үшін арнайы жасақтың сарбаздары тартылды. Алайда оқ атылған жоқ. Себебі үйде жеті адам болған. Олардың ішінде үш кәмелеттік жасқа толмаған бала бар. Әлеуметтік желіде күдіктіні ұстау операциясының видеосы тарады.

Сот үйді не үшін тәркіледі?

Сот материалдарына сәйкес, Ақбұлақтағы жеке меншік үйдің мәселесі 2014 жылы басталған. Одан үш жыл бұрын баспананың иесі А.Демирчян Бағанашыл шағын ауданында бос тұрған үй-жайларын және Ақбұлақтағы коттеджін кепілге салып, БанкЦентрКредиттен қыруар кредит алған. Бірақ қарызды төлей алмаған. Содан банк өкілдері оны сотқа беріп, кепілде тұрған үйді тәркілеуді талап етті. Кредит алғандардың ішінде И.Дужнов та бар.

2018 жылдың басында Алатау аудандық соты банктің арызын қанағаттандыру туралы сырттай шешім шығарды. Ал Ақбұлақтағы үйдің бастапқы бағасы 29,4 миллион теңге деп бекітілді. Ал тамыз айында сот шешімін орындау аясында аукцион ұйымдастырылды. Соның негізінде жеке сот орындаушы Р.Тәңірбергенов үйді Н.Тұрғановқа сатып жіберді. Үйді сатып алу келісімшарты жасалып, мемлекеттік органда тіркелді.

Алайда желтоқсан айында соттың сырттай шешімі тоқтатылды. 2019 жылы наурыз айында Алатау аудандық соты БанкЦентрКредиттің арызын кері қайтарды. Бірақ 27 қарашада Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасы аудандық инстанцияның шешімін жойып, банктің арызын қанағаттандырды.

Осыдан кейін А.Демирчян аудандық сотқа тағы арызданып, үйді сату туралы келісімшарттың күшін жоюды талап еткен. Себебі 2018 жылы банктің арызы кері қайтарылғаннан кейін коттеджді сатуға заңды негіз болмаған. Оған қоса, арыз беруші қалалық соттың банк талабын қанағаттандырғанын білмей қалған. Содан 2020 жылы Тұрғанов қайтадан үйдің жаңа иесі болып шықты. Демирчян мемлекеттік органда тіркелген келісімшартты жоюды сұрады. Бірақ Алатау аудандық сотының 2021 жылы 11 ақпанда шығарған шешіміне сәйкес, оның талаптары қанағаттандырылған жоқ.

Ал жеті айдан кейін сот шешімін орындау үшін үйге бес адам барған. А.Демирчянның күйеуі оларды атып тастады. 

Бес баласы қалды
Алматы қалалық полиция департаменті қайтыс болған тәртіп сақшыларының аты-жөнін жариялады. Олар:

Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция майоры Дархан Дауылбайұлы Сүлеев, 1982 жылы туған;
Алатау аудандық полиция басқармасына қарасты жергілікті полиция қызметі бөлімінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Нұрбол Назарбайұлы Байғазиев, 1988 жылы туған.
Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденовтың айтуынша, екі полицей де жақсы жұмыс істеген. Бірнеше рет марапатталыпты, халық тарапынан да алғыс айтқандар аз емес.

"Дархан Сүлеев бізде 2004 жылдан бері жұмыс істеген. Жақында ғана академияны аяқтады. Оның бес баласы қалды. Ал Нұрбол Байғазиев 2014 жылы келді. Оның екі баласы қалды. Балалардың бәрі кәмелеттік жасқа толмаған. Учаскелік инспекторлар Ақбұлақ ауданында жұмыс істеген. Екеуі де жақсы қызмет атқарды. Халық тарапынан талай рет алғыс айтылды", - деді Таймерденов арнайы брифингте.

Кешегі атыста қайтыс болған полицейлердің отбасыларына Алматыдан баспана беріледі.

Ал Анаида Демирчян президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан көмек сұрап, қазақстандықтарға үндеу жолдады. Оның айтуынша, банк үйді тым арзан бағаға сатып жіберген.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары