Алматыда бес кісіні атып өлтірді деп күдікке ілінген Игорь Дужновтың жұбайы Анаида Демирчян күйеуінің Донбастағы соғысқа қатысуы мүмкін деген ақпаратты жоққа шығарды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
"Жұрт жаза береді. Алдымен дәлелін келтірсін!" — деп қатуланды Анаида Демирчян.
Кейбір бұқаралық ақпарат құралдары Дужновтың 2014 жылы 7,62 калибрлі "Вепрь" мылтығын алып, шілде айында хабар-ошарсыз жоғалып кеткенін жазған еді. Қауесеттің тарауына осы жайт түрткі болса керек.
Анаида Демирчянның айтуынша, ол банктен алған кредит дауының кесірінен депрессияға түсіп, тауға кетіп, біраз уақыт сонда өмір сүріпті. Екі айдан соң, үйіне қайта оралған. Десе де, соңғы кездері күйеуінің күйзелісі күшейгенін айтты. Дужнов одан айығу үшін Інжілді жиі тыңдай бастаған.
Ол ашуланса, бәрін ішінде сақтайтын. Күйзелісін басқаға көрсетпейтін. Сот орындаушылармен кикілжің ауыр тиді. Күйеуімнің ісін дұрыс демеймін. Бұған қатты ашудың кесірінен барды деп ойлаймын, - дейді Анаида Демирчян.
Ал Игорь Дужновтың "Донбастағы соғысқа қатысуы мүмкін" деген сыбыстың таралуына әлеуметтік желіге қалдырылған жазбалар да түрткі болуы ықтимал. Донбастағы соғыс кезінде Анаида Демирчянның өзі ресейшіл қарулы топтарды қолдаған жазбалары мен бейнежазбаларды бөлісіп отырған. Бұл күйеуінің "жоғалып" кеткен кезімен тұспа-тұс келеді.