Мәжіліс отырысында ТМД елдерінің қарулы күштерінің бірлескен байланыс жүйесі туралы келісімді ратификациялау жөнінде заң жобасы мақұлданды, деп хабарлайды ulysmedia.kz.
Заң жобасын талқылау барысында депутат Бақытбек Смағұл заң жобасы бойынша баяндама жасаған Қорғаныс министрінің орынбасары Тимур Дәндібаевқа сұрақ қойды.
«ТМД қатысушы елдерінің әскери байланыс жүйелері әртүрлі. Осыған байланысты белгілі бір жағдайларда олардың үйлесімділігі туралы мәселелер туындауы мүмкін. Келісімнің 7 бабына сәйкес, қатысушы елдерінің қару-жарағына кіретін ұлттық байланыс құралдарының үйлесімділігін қамтамасыз етеді. Қазір Қазақстан армиясының ТМД елдерінің армиясымен байланыс құралдарына үйлесімділігі қандай?» - деп сұрады депутат.
Бұл сұраққа жауап берген Тимур Дәндібаев қазіргі жағдайда Қазақстан армиясында байланыстың әртүрлі құралдары барын мәлім етті.
«Бұл келісімнің өзегі – осы байланыс жүйелерінің өзара алмасуын және түйісуін қамтамасыз ету. Бұл жағдайда Ресей тарапы ТМД шеңберінде бізді техникалық тұрғыда байланыс құралдарымен қамтамасыз ету міндетін алады. Алайда бұл жағдай Қазақстан армиясын қазіргі басқару жүйесіне қалайда ықпал етеді дегенді білдірмейді. Осыған байланысты бізде өзімізді жабық және ашық сегменттегі байланыс құралдары бар. Яғни олар өзара автономды түрде істеседі. Сол себепті бұл жағдай олардың жұмыс қабілетіне әсер етпейді. Ал осы келісімнің мағынасы – осы байланыс жүйелерінің осы байланыс жүйелерін өзара алмасу және түйісуін қамтамасыз ету», - деп сөзін екі қайталады Тимур Дәндібаев.