Балалар алдындағы құқықтар мен міндеттемелерді қорғау мәселесі бүгінгі күні қоғамдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Елордалық «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығында кеңес өтті, онда төлемнен жалтарған ата-аналардан алимент өндіріп алу тетіктері талқыланды, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» ҚР Кодексіне сәйкес ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын асырап-бағуға міндетті. Өкінішке орай, іс жүзінде ата-аналар бұл міндеттемелерге немқұрайлы қарайтын жағдайлар көп.
«Біздің «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығы «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты бойынша жұмыс істейді және халыққа ақысыз негізде кеңес беру қызметтерін көрсетеді. Негізгі контингент – көпбалалы отбасылар, аз қамтылған және мүгедек жандар. Бізде заңгерлік көмек бөлімі бар, ол да тегін кеңес береді. Әдетте, алимент өндіру мәселелері бірінші кезекте консультациялық жолмен шешіледі, содан кейін нақты шаралар қабылдауға жәрдем көрсетіледі», - деді «Жанұя» отбасы институтын қолдау орталығының директоры Әсемгүл Садыр.
Қалалық прокуратураның мәліметінше, елордада алимент бойынша борышкерлер саны 15 мың адамға жетті, олардың жалпы қарызы 4,5 млрд теңгені құрайды.
«Мен алимент мәселесін ұзақ уақыт шеше алмадым. Сот ісін және басқа құжаттаманы дұрыс жасай алмадым. Сондықтан «Жанұя» орталығының заңгерлеріне жүгіндім. Олар маған бәрін дұрыс жасауға көмектесті. Алимент бойынша барлық сұрақтарым көп ұзамай шешілді», - деп бөлісті орталыққа келуші Ақнұр Дүйісмағанбетова.
Айта кетейік, 2021 жылдың басынан бері елорданың Отбасы институтын қолдау орталығына 40 мыңнан астам азамат жүгінген.
Іс-шаралар барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып өткізілді.