$ 494.87  520.65  4.91

Ауғанстаннан Ақмолаға келген қандастар қалай тұрып жатыр? (ВИДЕО)

Ауғанстанда сабағы сенбіден басталып, бейсенбі, жұма күндері демалып жүрген балалар қазақ мектебіне бара бастады.

Ауғанстаннан Ақмола облысына қоныс тепкен этникалық қазақтар елге жетіп, еті үйрене бастады. Көкшетауға көшіп келген жеті баласы бар Шир Әли Өзбаки азаматтық құжатын реттеуге кірісті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеанасына сілтеме жасап.

Ал Кіндік-қарағай ауылындағы Файзулла Ахмадидің бес баласы мектепке бара бастады. Жат елден келген қандастардың білім алуына мұғалімдер себепкер болған.

Негізі, парсы тілінде білім алып, өзбек пен тәжік тілін қоса меңгерген қандастар ана тілін үйрену үшін ауыл балаларымен араласа беруі керек дейді ұстаздар.

Ауғанстаннан Көкшетауға жатырқай келген 35 қандас қазір үй-жайы, ас-суы түгел жерлесімізге айналды. Тіпті Кіндік-қарағай ауылындағы Файзулла Ахмадидің бес баласы екінші күні ақ мектепке орналасты. Ұстаздары ауыл балаларымен бірге ойнап бірге жүрсе, тез-ақ тіл үйреніп кетеріне сенімді. Парсы тілінде оқып келген балалар да жатсынбапты. «Олардың тіл үйреніп, елге сіңіп кетуіне ауыл болып атсалысып жатырмыз» дейді ұстаздар.

«Жуындырып, киімдерін бәрін тауып беріп, құралдарын бердік, бейсенбі, жұма – екі күн балалар сабақта болады. Айырмашылық бар екен. Ол жақта, парсы тілінде 32 әріп бар. Олар «апта сабағымыз сенбіден басталады» дейді. Бейсенбі, жұма күндері дем алады. Ислам мемлекеті болған соң солай болған шығар деп ойладым», - дейді Кіндік-қарағай мектебінің мұғалімі Алтынай Кәрібаева.

Файзулла Ахмадидің отбасына ауылда үш бөлмелі үй берілген. Әйелі мен әпкесі газ қолданып, пеш жағып, тамақ пісіруді үйреніп жатыр. Ал отағасы кез келген адамға руы Қоңырат екенін «мақтанып айтамын» дейді. Бұл отбасы  Ауғанстанды тәліптер басып алмас бұрын елге жетуге асыққан. 

«Қазақстан елшілігіне бардық. Онда қазақ екенімізді, руымыз Қоңырат, Орта жүзден екенімізді айтып түсіндірдік. Төрт жылдан бері елге сұранып барып жүрдік. Құжат реттеп, әйтеуір, жолымыз түсіп, келдік.  Ауғанстанда қиыншылыққа тап болдық. Аш та болдық, атыс-шабыстан қорқып-үріктік. Балалар үшін қорықтым», - дейді қандас Файзулла Ахмади.

Мектеп жасындағы жеті баласы бар  Шир Әли Өзбакидің отбасы да пәтер берілгенше облыс орталығындағы ірі кәсіпорынның су жаңа жатақханасына орналасқан. Осы жерде оған жұмыс та, субсидия да берілмек.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша бұл азаматтарға мемлекет тарапынан республикалық бюджеттен субсидия бөлінеді. Субсидия мөлшері әр адам басына шаққанда 70 айлық есептік көрсеткішті құрайды. Сегіз адамнан тұратын бұл отбасыға жалпы сомасы 1 миллион 633 мың теңгедей субсидия төленеді», - деді Бурабай ауданы жұмыспен қамту орталығының директоры Жанар Айтмағанбетова.

Ауғанстаннан ауылға келген ағайынның құжаттары қазір Көші-қон полициясында рәсімделіп жатыр. Кешікпей олар Қазақстан азаматы атанады. Қазақ мектебіне барып, ана тілінде білім ала алады. «Аңсап жеткен атамекенде ел қатарлы өмір сүру үшін бар күш, мүмкіндігімізді аямаймыз» дейді қандастар.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#Ауғанстан