$ 494.87  520.65  4.91

«Сапалы көмір жоқ»: Петропавлда көмір бағасы шарықтап тұр

Көмірдің сапасына қарай тоннасы 9-15 мың теңгеден саудаланып жатыр.

Петропавлда көмір тапшы. Тұрғындар күн суыта бастағаннан қатты отын таппай сенделіп жүр. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше көпшілікке әлі бір апта күте тұруға тура келеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Петропавл көмір қоймаларында таңсәріден кезекке тұрған жүк көліктерінің жүргізушілері үйіне бос қайтып жатыр. Өйткені сатып алатын тауар жоқ. Қатты отынның бағасы да шарықтап тұр. Көмірдің сапасына қарай тоннасы 9-15 мың теңгеден саудаланып жатыр.

Ербол Есжанов - Бәйтерек ауылының тұрғыны. Көмір алмақ мақсатта қалаға келіп, жарты күні зая кеткен. Айтуынша, бүгін қоймаға әкелінген 3 вагон «қара алтын» әп-сәтте жоқ болған.

«Сапалы көмір жоқ. Былтырдан қалғаны жатыр. Оның жылуы жоқ. Қыс мезгіліне 5 тонна көмір керек. Ақшаның ыңғайына қарай бүгін 3 тонна көмір алмақ болып едім. Қалғанын қыста әкелуге болады. Қазір 3 тонна түгіл, жартысы да жоқ. Көмір келгенше амалдап күту керек. Бағасы қымбаттайтынын естідім», - дейді ол.

Қызылжар өңірін Екібастұз, Майқұба, Қаражыра мен Шұбаркөл сынды кен орындары көмірмен қамтамасыз етеді. Халық қыс маусымында орта есеппен 400 мың тоннаға жуық қатты отын тұтынады.

«Көмірдің жоқтығы маусымдық сұранысқа байланысты. Қазір халық жаппай отын сатып алып жатыр. Жазда қимылдағандар үшін ондай проблема жоқ. Әлеуметтік желілер арқылы алдын-ала айтылған. Бірақ тұтынушылар керек кезінде ғана қимылдайды. Теміржолға әзір 200 тонна көмір келді. Жақын күндері саудаға шығарылады. Қазанның бесіне дейін тауар тағы да әкелінеді. Көмір тапшылығы мәселесі 5 қазанға дейін шешіледі деп ойлаймын», - дейді энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Бахыт Ілиясов.

СҚО-да жылыту маусымы басталар сәтте көмір тапшылығы туындайтыны жыл сайынғы дәстүрге айналған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#СҚО