Барби қуыршағына ұқсауға тырысқан оралдық бойжеткен екі бірдей қабырғасын алдырып тастады. Ол аздай эльфтерге еліктеп, құлағын да өзгерткен.
Бұл туралы Orda.kz ақпараттық порталы «Астана ТВ» арнасына сілтеме жасап хабарлады.
Елена Рагузова атты оралдық бойжеткеннің ақылы толысқан жасы 22-де, қазір оның салмағы небары – 40 келі. Қабырғасын алдырғаннан кейін белінің өлшемі 46 сантиметрге дейін жіңішкерген. Ол осы күрделі операцияға 1 миллион 200 мың теңге жұмсапты.
— Денеме жеті жерден тату салғыздым. Астана мен Алматыға арнайы барып шебер таңдадым. Болашақтың Барбиі болғым келеді. Денеме чип салғызып, бүкіл ақпаратты сонда жинақтап, ақшамды сол чипте ұстасам деймін. Сосын мұрным мен иегімді түзетуді жоспарлап отырмын, – дейді бойжеткен.
Дәрігерлер мұндай отадан кейін денсаулығын қалыпқа келтіру үшін әлі жарты жыл күтіну керек деп отыр. Оны елемеген Елена тәнін одан әрі сымбаттандыра түспек.