Ауғанстанның бұрынғы президенті Ашраф Ғани биыл тамызда елден қашып кеткен болатын. Ол Өзбекстан аумағына өтіп, сол жақтан қазақстандық әуе компаниясының ұшағымен Біріккен Араб Әмірлігіне ұшқан деп жазады Азаттық рухы РИА Новостиге сілтеме жасап.
Ресейлік БАҚ-қа бұл ақпаратты Ғанимен бірге Ауғанстаннан қашқан тұлғалардың бірі айтып берген. Оның сөзінше, 15 тамызда бірнеше адам президент сарайынан арнайы дайындалған тікұшақтармен ұшып шыққан.
«Термезден Өзбекстанға барған 54 адамның 22-сі ұшқыштар, екінші ұшқыштар және әуе күштерінің техниктері болды. Тағы 22-сі президенттің оққағарлары. Ешбір адамда өзімен бірге паспорты болған жоқ», - деді ол.
Өзбекстанда Ғани мен оның жақтастары бір тәуліктен астам уақыт болған. Олар осы елге келген әрбір ауған азаматын бақылап, бір-бірімен сөйлесуге тыйым салған.
16 тамызда экс-президент пен оның серіктері ешқандай белгісі жоқ ұшақпен БАӘ-ге ұшып кеткен. FlightRadar порталының мәліметінше, аталған ұшақ Қазақстанның әуе компаниясына тиесілі болған.
«Ұшаққа мінгенде біз 28 сағаттан кейін алғаш рет тамақ пен су іштік», - деп мәлімдеген ауғанстандық дереккөз Ресей тілшілеріне.
Еске салайық, тамыз айының басында «Талибан» (Қазақстан Республикасында тыйым салынған ұйым) қозғалысының өкілдері Ауғанстан билігін басып алған болатын.