Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасы көшедегі дәретханаға тасталған нәрестенің жағдайын айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасы 3 қазанда көшедегі дәретханадан табылған шақалақ Индер аудандық ауруханасының босану бөлімінде жатқанын жеткізді.
"Ұл бала. Бала ауруханаға түскенге дейін суықтап қалған. Дәрігерлер нәрестенің өмірін сақтап қалу үшін медициналық ем-дом шараларын жүргізді. Қазір баланың жағдайы тұрақты, алайда орташа ауыр деп бағаланып отыр”, – дейді басқармадан.
Ал нәрестенің анасы – Индер ауданының 1990 жылғы тұрғыны аудандық аурухананың босанудан кейінгі бөліміне жатқызылды.
“Қазір жаңа туған шақалақ та, анасы да дәрігерлердің бақылауына алынды. Оларға қажетті емдеу шарасы көрсетіліп жатыр", – делінген хабарламада.
Облыстық полиция департаменті ҚР Қылмыстық кодексінің 119-бабы 1-бөлігімен (Қауіпті жағдайда қалдыру) қылмыстық іс қозғады. Сотқа дейінгі тергеу басталды.
Айта кетсек, бұған дейін Атырау облысында безбүйрек ана жаңа туған сәбиін дәретхананың шұңқырына тастай салғанын жазған болатынбыз.