$ 494.87  520.65  4.91

Астанада жаңадан ашылған автосалон 400 адамды алдап соққан

Салонның арзан көліктерін танымал блогерлер жарнамалаған. Ал қыруар қаржыны санап берген жәбірленушілер қазір не ақша жоқ, не көлік жоқ, ауа қармап қалған.

Елордада алаяқтардың кесірінен 400-ге жуық адам көліксіз қалды. Олар елордада жаңадан ашылған автосалонға алданып қалған. Компания ресми түрде биыл мамыр айында ашылған. Содан бері ғимараттан адам нөпірі үзілмепті. «Көлік сатып алып береміз» деп сендірген менеджерлер жәбірленушілерге ақшасын толық төлеткізген. Кредит алып бар қаржысын санап бергендерге енді ақша да жоқ, көлік те жоқ, деп хабарлайды Nege.kz. 

«Бүкіл автосалонды қарадық. Үш ай, төрт ай күтесің деді. Сосын интернеттен осы NurAuto-ны көріп қалдық. Бір ай, 45 күн деген соң, соған бардық. Біз барғанда адамдар нөмірге де тапсырыс беріп жатты. Кәдімгідей ХҚКО-ның арнайы адамы отырды. Соның бәрін көргеннен кейін рас шығар деп ойладық. Сол жерде қаншама адам жүрді. 54 миллион теңге салған кісілер болды. 12, 16 миллион, одан да көп салғандар бар», – дейді жәбірленуші Әлібек Төлеуов.

Қазір көлікті сатып алуға келісімшарт жасалған автосалон жабық, есігінде қара құлып тұр. Бос кеңсені құқық қорғау орындары мөр басылған қағазбен жамап қойған. Компания ресми түрде биыл мамыр айында ашылған. Содан бері ғимараттан адам нөпірі үзілмепті. Өйткені елімізге танымал блогерлер халықты арзан бағалы көліктермен қызықтырып жарнамалаған. Әлеуметтік желіде жасаған дүниелеріне қыруар ақша төлегендердің қазір қайда екенін ешкім де білмейді. Алайда алданып қалғандардың сөзіне сенсек, автосалонның жауапты басшыларының бірі қамауға алынған. Полиция да бұл мәліметті растады. Қылмыстық іс қозғалған, бірақ нақты қандай баппен істің өрбіп жатқаны беймәлім.

Тәртіп сақшылары NurAuto.kz компаниясынан жәбір көргендердің арыз жазуын сұрайды. Ал темір тұлпарсыз қалғандар елорда бойынша 400-ге жуық адамның 7 миллиард теңгеден астам сомаға алданып қалғанын айтады. Алаяқтардың арбауына түскендер арызымызға полицейлер ерте мән бергенде, бұл жағдай болмас еді деп күйініп отыр.

«Бірінші арыз ішкі істер министрлігіне 22-сі күні түскен. Сол кезде алаяқтардың бәрі жүрді. Неге бәрін қамамады? Түсінбейсің. Мамыр айынан бері төрт ай күттім. Көлік жоқ. Басынан аяғына дейін жүрдім. Екі ай бұрын Берік деген қаржы директорынан "қашан келесің?" десем, күнде өтірік айтады. Алаяқтың алаяғы. Балаларымен ант-су ішкен, ақыр соңы бәрін алдап кетті», – дейді Ерболат Сұлтанбеков.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары