Олар әлеуметтік желі арқылы бейнежазбалар таратып, Қазақстан үкіметінен көмек сұрап отыр. 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасының хабарлауынша, Ауғанстандағы этникалық қазақтардың біразы төлқұжатының болмауына байланысты Қазақстанға келе алмай отыр. Мұны олар әлеуметтік желі арқылы таратқан бейнежазбалары арқылы жеткізген. Ауғанстан қазақтарының сөзінше, қазір құжат жасату құны қымбат. Оның үстіне елдің жаңа билігі басқа мемлекетке шыққысы келетіндердің құжатын рәсімдеуге асықпайды екен.
"Біз Ауғанстанда қалып кеттік. Елде қазір ұрыс болып жатыр. Бізді Қазақстандағы інілеріміздің қасына алып кетуді сұраймыз", – деді Ауғанстан этникалық қазағы Сауқым Сәденұлы. Түркістан қаласының тұрғыны Мұхамед Құрбан ет жақын туыстарының Ауғанстанда қалғанын айтып отыр. Ол өзі Ауғанстанның Герат қаласында туып, 25 жасында Қазақстанға келген. Өмірден өткен ағасының бала-шағасы, жеңгесі сонда тұрады. Айтуынша, олар Қазақстанға келуге құлшынып отыр. Алайда, бұған төлқұжаттың болмауы кедергі.
"Сыртқа шығуға оларда төлқұжат жоқ. Бір паспорт жасатудың құны 200 АҚШ долларына тең. Ал бір отбасында 10 адам болса, 2 мың доллар қажет. Ал мұндай ақша оларда жоқ", – дейді ол.
Арна тілшілері бұл мәселеге қатысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігінен ешқандай ақпарат ала алмаған.