Алматыда соққыға жығылған соң әлеуметтік желіде видео жариялаған сот орындаушы көлік қозғалысы кезінде қауіпсіздік белдігін тақпаған болып шықты.
Азаматтың қандай жаза арқалағанын Алматы полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Абдрахманов өз Instagram парақшасында жазды.
"Бүгін, 2021 жылдың 5 қазанында әлеуметтік желіде А.Ермеков есімді азамат видеоүндеу жолдады. Бейнежазбада оның қозғалыстағы көлік салонында отырып, жол қозғалысының қатысушысы бола тұра ҚР ЖҚЕ талаптарын бұзғаны байқалады. Осыған байланысты құқық бұзушы ӘҚтК 615-бабының 1-бөлігі (жаяу жүргіншілердің және жол жүрісіне өзге де қатысушылардың жол жүрісі қағидаларының талаптарын орындамауы, яғни автокөлікте қауіпсіздік белдігінсіз болуы) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Жолда мұндай әрекетке жол берілмейтінін еске саламын!",- деп жазды Абдрахманов.