$ 494.87  520.65  4.91

Ақтөбедегі ковид орталығы жылусыз қалды

Суық палатада дірдектеген науқастар бұл туралы әлеуметтік желілерге жазып, шағымданып жатыр.

Ақтөбедегі коронавирус инфекциясын жұқтырғандар емделіп жатқан ең үлкен ауруханада бір аптадан бері жылу жоқ. Суық палатада дірдектеген науқастар бұл туралы әлеуметтік желілерге жазып, шағымданып жатыр, деп хабарлайды «Астана» арнасы.

Аурухананың іші суық екенін емдеу мекемесінің басшылығы растады. Науқастар күн сәулесі көбірек түсетін палаталарға ауыстырылған. Басқа амал жоқ дейді. Ғимарат жылу маусымына дайын болса да, тиісті құжаттар тапсырылса да бірінші қазанда жылу берілмеген.

«Корпуста 200 науқас жатыр, мына корпуста 200 науқас жатыр, жан сақтау бөлімінде біраз науқас бар. Жылу жоқ! Ал, науқастар себебін бізден сұрайды», - дейді Ақтөбе облыстық фтизопульмонологиялық орталықтың бас дәрігері Ерлан Тәтімов.

Емдеу мекемесінің басшылығы палаталарға жылыту құралдарын қойып амалдап отырмыз дейді. Апатты жағдайда қолданылатын дизельді генератордың көмегімен электр пештерді де қосқан. Сонда да 12 мың шаршы метр ғимаратты жылыту қиын болып тұр.

Аурухананың жылусыз қалғанына жақын маңдағы құбырдың ауыстырылып жатқаны себеп. Жылуға жауапты мекеме өкілі ол жұмыстың ерте көктемде жоспарланғанын айтады. Бірақ, тендерде ұтқан компания материалдың қымбаттағанына байланысты жұмыс істеуден бас тартқан. Жаз бойы бірнеше рет конкурс өткізілсе де, нәтижесіз болды дейді. Ақыры жылу трассасын кәсіпорынның өзі жөндейтін болған. Сондықтан жұмыс кеш басталған.

Жоспар бойынша, құбыр ауыстыру жұмыстары 10 қазанда аяқталып, ауруханаға жылу беріледі. Коммуналдық мекеме өкілі осылай дейді. Ал, ковид орталығының бас дәрігері мәселені шешіп беруді сұрап, облыстық әкімдікке хат жолдаған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары