«Қазақстан темір жолы» ҰК» елорда тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ету процесін көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі. Арнайы БАҚ өкілдеріне ұйымдастырылған тур барысында Нұр-Сұлтан қаласындағы көмір сату орталықтарының жұмысы таныстырылды. Тілшілер теміржол тұйықтары, отын қоймалары мен көмір түсіру алаңдарындағы қызу жұмысты көзбен көріп қайтты.
«ҚТЖ» ҰҚ» осы жылдың тамыз айынан бастап Қазақстан бойынша қатты отын тасымалдауды үйлестіретін көмір разрездері қатысуымен жедел орталық құрылғанын айтады. Жол бөлімшелерінде мониторингтік топ жұмыс істейді. Олар күн сайын көмір қорының нақты мөлшерін анықтап, қажетті көлемді болжап отырады.
«Біздегі көмір тұйықтары ешқашан босаған емес. Күніне 8-10 вагон көмір қабылдаймыз. Өздеріңіз көріп тұрғандай жұрт тез алып кетеді. Бізде «Майкөбе» көмірі сатылады. Көмірге деген сұраныс әртүрлі. Өзімізге тиесілі алаңға айына 20 мың тонна көмір кіргізе аламыз. Дәл қазіргі уақытта екі мыңға жуық көмір қоры бар. Кеше ғана 500 тонна көмір келді. Бір күнде 100-ге жуық көлік келіп, көмірді сатып алады. «Майкөбе» көмірінің бағасы 11500 теңгені құрайды. Әзірге көмір алған тұрғындардан ешқандай шағым естіген жоқпыз. Биыл көмірге деген сұраныс өте көп», - дейді «Айтқожинов» ЖК директорының орынбасары Валерий Горудков.
Елорда тұрғындары арасында «Шұбаркөл» мен «Қаражыра» маркалы көмірі үлкен сұранысқа ие. «Қаражыра» көмірі сатып алушылар жоспарына сәйкес жеткізілген қатты отынның 20 пайызын құрайды. Қалада жалпы көмір сататын 14 кіреберіс жол бар.
«Қазан айында барлығы 171 вагон көмір түсірдік. Оған әртүрлі маркадағы көмір кіреді. «Шұбаркөл», «Майкөбе», «Қаражыра көмірі» сұранысқа ие. Көмірдің барлық түріне өтінішті алушылардың өзі жазады. Нұр-Сұлтан қаласы бойынша 8 темір жол тұйықтары, 14 кіреберіс жол бар. Олар қала тұрғындарымен тікелей сауда жүргізеді.
Қазір көмірге деген сұраныс жоғарлады. Соңғы 9 айдағы статистикаға бойынша біз 7,7 млн тонна көмір жөнелттік. Бұл өткен жылға қарағанда 4 пайызға жоғары. Аталған мәліметтерден көмірге деген сұраныстың артқанын көруге болады. Бізде мониторингтік топтар жұмыс істейді. Күнделікті қаладағы тұйықтарға барып, көмір мөлшерін бақылап отырады. «ҚТЖ» ҰҚ» көмір тасымалдау тарифы 8 пайызды құрайды. Баға жыл соңына дейін көтерілмейді», - дейді «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС директорының орынбасары Қанат Кобесов.
Ол «ҚТЖ» ҰҚ» көмір разрездерінен түсетін өтініштің бәрін толығымен орындап отырғанын айтады. Астанадағы кірме жолдарға күніне 20 вагон көмір жеткізіліп отырады.
«Қазақстанда 35 мыңға жуық вагон жұмыс істеп тұр. Сондықтан вагон жетіспеушілігі болмайды. Бізге түскен өтініштің бәрін жоспар бойынша жеткізіп отырмыз. Разрез вагон алу жөнінде бізге өтініш жолдайды. Біз өтінішті қабылдап, вагондарды бөлеміз. Артынша қажетті жерге дейін көмір жеткізіледі. Біз тек вагон мен оның керекті жерге жетуін қамтамасыз етеміз. Қалған сатушы мен халық арасындағы саудаға қатысуға құқығымыз жоқ.
Көмір екі санатқа бөлінеді. Біріншісі, жылыту орталықтарына жіберіледі. Қазақстанда 28 жылыту орталығы бар. Олардың барлығы көмірмен қамтамасыз етілген. Екінші, коммерциялық тұрмыстық көмір яғни, тұрғындарға арналған көмір. Қаладағы кірме жолдарға күн сайын 20 вагон көмір түсіріледі. Менің ойымша бұл өте жақсы көрсеткіш», - дейді Қанат Кобесов.
Қаладағы 14 кіреберіс жолдың бәрі жыл бойы демалыссыз жұмыс істейді. Көмір тұйықтарына қара отыр жаз айларында да жеткізіліп отырады. «ҚТЖ-Жүк тасмалы» ЖШС атқарушы директоры Нұржан Келбұғанов күн суығанда ұзын-сонар кезек болмас үшін тұрғындар қысқа ертерек қамдану керектігін айтады.
«Биыл көмірдің тасымалы өте жақсы. Былтыр бірінші мамырдан бастап Нұр-Сұлтан қаласында 91 мың тонна көмір түссе, биылғы көмір мөлшері 99 мың тоннаны құрады. Сондықтан көмір жеткілікті. Жұрт көмірді жаз айында да сатып ала алады. Күн суыған кезде бәрі жанталасып көмірге келгендіктен кіреберіс жолдарда кезек, кептеліс көп болады. Сондықтан қысқа қажетті отынды еретерек алуға шақырамыз.
Айта кететін тағы бір мәселе көмір разезде 8 мың теңге тұратын болса, кіреберіс жолдарға келгенше біздің тариф қосылып 9 мың болады. Одан кейін тағы бір мың теңгені вагон иелері қосады. Сонда көмір жалпы мөлшері 10 мың теңгемен қалаға келу керек. Кірме жолдардың жасап отырған қызметін қосқанда бүгінгі көмір бағасы 13 мыңды құрайды. Ал көмірді көлік арқылы тікелей таситындар бір рейске шамамен 20-25 мың теңге алады екен. Кірме жолынан 13 мың теңгеге алып, үстіне 25 мың қосса, ол көмірдің бір тоннасына 5 мың теңге қосып отырғанды білдіреді. Осылайша, баға қымбаттап кетеді», - дейді Нұржан Келбұғанов.
Айта кетейік, елордада қыркүйек айында «Ospanoff» ЖШС кірме жолына 100 вагон көмір жеткізілген. Қазан айында тағы 1,5 есе яғни 150 вагонға дейін көмір алу жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта «Орион-А» ЖШС кірме жолында 510 тонна көлеміндегі көмір қоры, «Ив-Транс 2030» ЖШС кірме жолында 320 тонна «Қаражыра» маркалы көмірі бар.
Теміржолшылардың мониторингтік топтары Қазақстанның барлық аймағында жұмыс істейді. Олар көмірмен қамтамасыз ету бойынша қиындық тудыратын мәселелерді уақытында шешіп отырады.