09.10.2021, 11:35

Қарағандыда оқушыны дәретханаға жібермей қойған мұғалім жұмыстан босатылды

Екінші сынып оқушысы мұғалім дәретханаға жібермегендіктен сабақ үстінде бұтына жіберіп қойған.

Қарағандыда мектеп оқушысын дәретханаға жібермей қойған мұғалімнің іс әрекетіне қатысты тергеу нәтижелері белгілі болды. Екінші сынып оқушысы сабақ үстіне бұтына жіберіп қойған, деп хабарлайды Stan.kz.

Қарағанды қаласының білім бөлімі мұғаліммен әңгіме жүргізілгенін хабарлады. 

"Қызметтік тергеу барысында директормен және педагогпен Қарағанды облысының Білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің, Қарағанды облысының білім басқармасының, Қарағанды қаласының білім бөлімінің басшылары әңгіме жүргізді. Гимназияда педагогикалық әдеп жөніндегі кеңес отырысы өтті. Мұғалімнің іс-әрекетінде функционалдық міндеттердің бұзылуы, сондай-ақ, болған жағдай туралы мектеп директорын уақтылы хабардар етпеу қарастырылған. Мұғалім қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауапкершілікке тартылып, осы жылдың 8 қазанынан бастап жұмыстан босатылды", – деп хабарлады Қарағанды қаласының білім бөлімі.

“Бұл жағдайда мұғалім баланың анасына оқиғаның не себепті орын алғанын хабарлап, кешірім сұрауы керек еді. Осы іс әрекет дер кезінде жасалмаған”, – деді ведомствода.

Осындай жағдайларды болдырмау үшін педагогикалық этика мен мұғалімнің функционалдық міндеттерін сақтау мәселесі Қарағанды қаласының педагогикалық ұжымдарында және директорлар кеңесінде қаралды.

Еске салсақ, 27 қыркүйекте Қарағандының № 1 гимназиясында екінші сынып оқушысы сабақ үстінде мұғалім дәретханаға жібермегендіктен бұтына жіберіп қойған.