Биылғы орақ науқаны аяқталуға аз қалды. Жаз шыға елдің біраз өңірінде аптап ыстық болғаны белгілі. Пандемияны айтпағанда, елде біраз жылдан бері болмаған қуаңшылық болып, оған жан-жақтан өрт қосылды. Бұның бәрі әрине астық түсіміне кері әсер етері анық. Дегенмен биылғы болжам қандай? SkifNews порталы бағамдап көрген еді.
Қазақстанның ауыл шаруашылық министрлігі биыл бидайды былтырғымен салыстырғанда 24% жоғары бағамен сатып алмақ. Бұл дегеніңіз бидай бағасы былтырғыға қарағанда төрттен бір мөлшерде өсті деген сөз. Ал арпа бірден 75%-ға қымбаттамақ.
Қуаңшылыққа байланысты биылғы астық ішкі нарыққа бағытталмақ. Бірінші кезекте ұн өнеркәсібіне, құс және мал шаруашылығына беріледі. Бұның бәрі соңғы өнім бағасын тұрақтандыру мақсатында жасалып отыр.
«Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ келесідей баға тізбесін бекітті:
3-класты бидай (дақыл сапасы 23%) – 103 000 теңге (242 доллар). Былтырғы баға – 83 000 теңге; 3-класты бидай (дақыл сапасы 25%) – 105 000 теңге (247 доллар). Былтырғы баға – 85 000 теңге; 3-класты бидай (дақыл сапасы 27%) – 107 000 теңге (251 доллар). Былтырғы баға – 87 000 теңге; 4-класты бидай – 98 000 теңге (230 доллар). Былтырғы баға – 78 000 теңге; 5-класты баға – 90 000 теңге (211 доллар); классыз бидай – 85 000 теңге (200 доллар); 2-класты арпа – 87 000 теңге (204 доллар). Былтырғы баға – 50 000 теңге.
Қазақстанның негізгі астық аймақтарының диқандары егін жинауға тамыз айының соңын ала бере кіріскен еді. Сол кезде жауапты орган өкілдері жалпы дәнді дақылдар аумағының 13,24 млн гектары (85,2%) жақсы және қанағаттанарлық жағдайда екенін, 2,12 млн гектар аумақтың мәз еместігін, 78,3 мың гектарға (1,1%) егілген егіннің жарамсыз болып қалғанын мәлімдеген болатын.
Сондай-ақ сала мамандары биылғы науқанда тағы бір мәселе бар екенін атап өткен. Ол мәселе – қауызы бар, ішінде дәні жоқ егін мәселесі. Бұған да жаз басындағы ыстық себеп болған. Сол себепті де бидайдың «Айна» сұрпынан ғана мол өнім жиналады деп жоспарланған. Басқа сұрыптардың түсімі әлдеқайда аз болжанған.
Айта кетейік, «Айна» дәнін біздің фермерлер 2018 жылдан бастап еге бастаған. Десе де оның өзі импорттық бидай сапасына ілесе алмай отыр. Егісті елдердің көбісі бидай сұрыптарын әр бес жыл сайын жаңартады. Нәтижесінде бидай түрлі ауруларға төтеп беріп, мол өнім жинауға мүмкіндік зор.
Мамандардың жоспары бойынша биылғы түсім 15 млн тоннадан асуы тиіс. Былтырғы түсім 20 млн тонна болатын. Ал 2019 жылы бұл көрсеткіш 17,4 млн тоннаны құраған еді. Сондай-ақ қамбада былтырдан қалған 3,5 млн тонна астық бар. Оның 2,8 млн тоннасы бидай.