Отбасындағы жанжал соңы екі адамның өлімімен аяқталды. Қазіргі уақытта полицейлер іс қозғап, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр
Қызылорда облысының Шиелі ауданына қарасты Алмалы ауылында жантүршігерлік қылмыс болды. Отбасында шыққан жанжал кезінде ауыл тұрғыны жеңгесі мен оның әкесін пышақтап өлтірген, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Ауыл тұрғыны Соқпан Тұяқбаев (өзінің өтініші бойынша аты-жөні өзгертілді) бұл оқиғаның бүкіл ауылды шошытқанын айтты.
"Қайтыс болатын келіншек ауру әкесін қолына алып баққан. Ол өздігінен жүріп-тұра алмайды екен. Науқас адамның күтімі де бөлек болады ғой. Мәселенің мәнісі осыдан басталған. "Өз үйімізде өзіміз еркін жүре алмадық қой" деген сыңайдағы әңгіме айтқанға ұқсайды. Жанжалдың аяғы кісі өлімімен аяқталып отыр. Жеңгесін пышақтап өлтірген жігіт құдасын да пышақтады. Жеңгесі сол жерде көз жұмған деп жатыр. Құдай сақтасын, бауыздаған дей ме, не деген қатыгездік... Құдай адамның басына салмасын мұндайды. Жеңгесін өлтіріп, өзі де пойызға басылып өліпті деп жатыр", – деді ауыл тұрғыны.
Болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін Sputnik Қазақстан Қызылорда облысының полиция департаментіне хат жолдады. Полицейлердің ақпаратына сүйенсек, қанды оқиға тоғызыншы қазанда болған. Тәртіп сақшылары күдіктінің пойыздың астына түсіп өлгенін де растады.
"Қылмыстық кодекстің 99-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы (Адам өлтіру) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, күдіктінің жүк пойызының астына түсіп қайтыс болу дерегі бойынша қылмыстық кодекстің 344-бабының 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Оқиғаның мән-жайы анықталып, тиісті сараптамалар тағайындалды. Басқа мәлімет Қылмыстық процестік кодекстің 201-бабына сәйкес жария етілмейді", – делінген хатта.
Кісі қолынан мерт болған келіншектің пышақталған әкесі де жансақтау бөлімінде көз жұмды деген хабар жетті. Туыстарының айтуынша, марқұмды бүгін жер қойнына тапсырады.