17 қазанда Шетпе ауылының 6 оқушысы "мұсылман" иіссуы аталып кеткен араб әтірін пайдаланып, салдарынан ауруханадан бір-ақ шыққан болатын. Енді мамандар аталған парфюмның құрамын тексеруге кірісіп кетті. Егер одан расымен де токсинді заттар анықталса, сатылымнан түгел алып тастамақ деп жазады lada.kz.
Қазіргі таңда Dalal деп аталатын осынау иіссу сатылған дүкен тексерілуде.
"Біз прокуратураға аталған дүкенде тексеріс жүргізетінімізді алдын ала ескертіп, рұқсат сұрадық. Біздің жоспардан тыс тексеру жүргізуге мүмкіндігіміз бар. Прокуратура рұқсатын берсе бастап кетпекпіз. Шетпеде бұрын мұндай жайттар тіркелмеген. Әтірлерді кім өндіргені де осы тексеру барысында белгілі болады", - дейді Маңғыстау аудандық тқтынушылар құқығын қорғау басқармасының басшысы Дина Ашықпеава.
Кеше хабарлағанымыздай, улы иіссуды сыныпқа оқушы қыздардың бірі алып келген. Оның иісінен өзге қыздардың көздері қызарып, аяқтары құрысып қалыпты. Педагогтардың шақыртуымен келген жедел жәрдем әлсіреп қалған оқушыларды ауруханаға жеткізіп, дәрігердің қарауынан кейін бәрі үйлеріне қайтқан. Қазір олар қата мектепке оралды.
"Маған әтірді ағам сатып әкеп берді. Бірақ, оның ағзаға қандай әсері бар екенін білмедім. Иісі ұнағандықтан, сатып әкелші деп өтінген болатынмын. Өзіме сепкен кезде ешқандай зины болған жоқ, тек мектепке келгенде оның иісі өзгелерге әсер ете бастады. Біреулерінің аяқтары құрысты, өзгелері есін жоғалтып құлап жатты", - деп болған жайтты еске алады Гүлімай Үсен есімді оқушы қыз.
Оқиға болған А.Меңдалыұлы атындағы мектептің директоры мұғалімдерге ата-аналармен түсіндіру жұмыстарын жүргізу керектігін тапсырыпты. Бұдан былай оқушылар мектепке ешқандай парфюм алып келмеуі керек дейді ол.