14.10.2021, 18:20

Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламалар: Құрдымға кеткен жобалар мен қолды болған қаржының көлемі қанша?

Фото: azattyg. ruhy
Тәуелсіздік алған 30 жылда Үкімет қанша салалық бағдарлама, даму жоспарын бекітті. Оны іске асыруға қыруар қаражат жұмсалғаны белгілі.

Azattyq Rýhy тілшісі Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетіне сауал жолдап, аталған бағдарламалардың қаншалықты орындалғанын, қанша қылмыстық оқиға тіркелгенін анықтап көрді.

АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНДІ ДАМЫТУДЫҢ 2017-2021 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

 Оны жүзеге асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 2 трлн 774 млрд теңге қарастырылған.

Жемқорлыққа қарсы агенттіктің мәліметінше, бүгінге дейін бұл бағдарлама бойынша 212 қылмыстық іс қозғалған. Бағдарлама іске асқан 2018-2020 жылдар аралығында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бойынша атқарылған жұмыстарға қатысты 144 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық қылмыстар (пара алу, алаяқтық, жымқыру) бойынша 57 іс, субсидия ұрлау бойынша 87 іске сотқа дейінгі тергеу жүргізілді. Нәтижесінде мемлекетке келтірілген шығын 2 миллиард теңгеден асты.

Биыл 49 миллиард теңгеге агроөнеркәсіптік кешенді дамыту бағдарламасы бойынша бұзушылықтар анықталды.

«ЦИФРЛЫҚ ҚАЗАҚСТАН» МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Бұл бағдарламаның атқарылу мерзімі 2018-2022 жылдарды қамтиды. Оған 108 млрд 683 млн теңге қарастырылған. Бағдарлама іске асқан екі жыл ішінде республикалық бюджеттен 35 млрд теңге жұмсалды деген ресми мәлімет бар.

Осы уақытқа дейін «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 8 қылмыстық іс қозғалған. Айта кетерлігі, Есеп комитеті бұл бағдарлама бойынша тексерісті биылғы 4-тоқсаннан 2022 жылғы 2-тоқсан аралығында жүргізеді деп жоспарланыпты.

Бұған дейін әлеуметтік маңызы бар салаларды цифрландыруға бағытталған бағдарламаға бөлінген қаражатты жымқыру фактісі анықталған болатын. Былтыр «Цифрлық Қазақстан» бойынша Білім және ғылым министрлігі мен Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жоғары лауазымды шенеуніктеріне қатысты екі қылмыстық іс қозғалғаны мәлім.

Бұған қоса, ақпараттық жүйе құру үшін бөлінген 500 млн теңгені жымқырды деген күдікпен бұрынғы Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев соттың санкциясымен қамауға алынды. Қаржы мониторингі комитетінің ақпараты бойынша Олжас Әбішев жұмыстың нақты орындалмағанын біле тұра, орындалған жұмыстар актісіне қол қойып, төлем жүргізген.

ҮДЕМЕЛІ ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ БОЙЫНША 2010-2014 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА

2010-2013 жыл аралығында мемлекеттік бағдарламаны қаржылық қамтамасыз ету үшін 3,7 трлн теңге бөлінді. Одан басқа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға 2,4 трлн теңгеге жеке инвестициялар жұмылдырылды.

Индустрияландыру бағдарламасының алғашқы 5 жылдығында республика бойынша арнайы экономикалық аймақ құру туралы шешім қабылданған. Қазір елде 13 арнайы 

экономикалық аймақ жұмыс істейді. Онда 252 компания тіркелген. Барлық АЭА-қа шоғырланған кәсіпорындар үлесі небәрі 33,6% ғана. Мысалы, «Астана-Технополис» АЭА 3 жылдан астам уақыт бойы аумақты толығымен кәсіпорынмен қамти алмағандықтан инфрақұрылым аяқталмай, экономикалық аумақ бос тұр.

Арнайы экономикалық аймақтың пайдасынан шығыны көп. Мысалы, «Түркістан» экономикалық аймағы екі жыл бұрын қаланың дамуын жеделдету үшін құрылғанымен жергілікті билік осы уақытқа дейін кәсіпкерлер үшін жағдай жасамаған. Қарапайым коммуникациялық қызмет жоқ. 8 жыл ішінде «Тараз химиялық паркінде» бір ғана кәсіпорын іске қосылған.

ИНДУСТРИЯЛЫҚ-ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМЫТУДЫҢ 2015-2019 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Жобаны жүзеге асыру үшін республикалық бюджеттен 878,3 млрд теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 75 млрд теңге бөлінген.

Бұл бағдарлама бойынша бүгінге дейін 4 қылмыстық іс қозғалды.

Есеп комитеті жүргізген тексеріске сәйкес, қаржылық бұзушылық ˗ 0,2 млрд теңге, активтерді тиімсіз пайдалану көлемі ˗ 7,2 млрд теңге болды.

«Бағдарламада бекітілген міндеттің 85%-ы (жобалар мониторингі, мәселелерді пысықтау және ұсыныстар әзірлеу, ақпараттық-талдамалық зерттеулер жүргізу, ақпарат беру, индустрияландыру қорытындыларын шығару, индикаторлар мен көрсеткіштер бойынша жарияланымды қамтамасыз ету және т.б.) индустриялық-инновациялық дамуға жанама әсер етті.

Жауапты орындаушылар тарапынан бақылау тиімді жүргізілген жоқ. Құзыретті бір министрліктен екіншісіне беру, құжаттың орындалуына жауапкершілік жоқ», ˗ делінген Есеп комитетінің жауабында.

«НҰРЛЫ ЖОЛ» ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫ ДАМЫТУДЫҢ 2015–2019 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМАСЫ

Бағдарламаны жүзеге асыруға 4 трлн 647 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 1 трлн 531 млрд теңге − республикалық бюджеттен, 1 трлн 307 млрд теңге – Ұлттық қордан, 537 млрд теңге – халықаралық қаржылық институт пен қорлардан, 697 млрд теңге – Ұлттық компания және институттар есебінен және 47 млрд теңге – зейнетақы қорынан аударылған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің ресми мәліметінше, биылғы тамыз айына дейін «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 79 қылмыстық іс қозғалған. 

Аталған бағдарламаға есеп комитеті арнайы аудит жүргізіп, нәтижесінде қаржылық бұзушылық ˗ 5,7 млрд теңге, тиімсіз пайдаланған қаражат көлемі ˗ 3,1 млрд теңге екенін анықтады.

«Бағдарламада 5 нысаналы индикаторға және 14 міндетке қол жеткізу көзделген, олардың ішінен түзету кезінде 2 міндет алынды. Бұл бағдарламада бекітілген міндеттің 23,5%-ы орындалмады», ˗ делінген Есеп комитетінің жауабында.

Бағдарлама бағытының бірі ˗ тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту. Тұрақты қаржыландыруға қарамастан, қызмет көрсететін көптеген кәсіпорын шығынға ұшыраған. ТКШ-ның қоры 60%-ға тозған.

«Нұрлы жол» аясында республикалық маңызы бар авто жолдар салынады. Бұл жемқорлық фактісі жиі тіркелетін салалардың бірі. Қаражатты тиімсіз пайдалану бойынша Есеп комитеті мынадай ескертпе жасайды: «Автожол саласы аясында жолдарды қанағаттанарлық күйде ұстап тұру және олардың сапасына ықпал ететін себептерді жою бойынша толыққанды шаралар қабылданбайды». Салдарынан былтыр салынған жолдар бір жыл өтпей күрделі жөндеуді қажет етеді.

«Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру барысында 2015-2017 жылдар 

аралығында 34 млрд теңгеге заң бұзушылық анықталған.

2018 жылы да 6 жарым млрд теңгенің есепсіз жұмсалғаны туралы арнайы тексерістің қорытындысы жарияланды.

Бағдарлама іске асқан соңғы жылы жол құрылысы саласынан бюджетке 2,7 миллиард теңгеге залал келді. Сыбайлас жемқорлықтың 100-ге жуық фактісі тіркелді. Қылмыстың жартысынан көбінде лауазымды тұлғалар Мемлекеттік сатып алу бойынша жалған құжатқа қол қойған. Қылмыстық жауапкершілікке 55 адам тартылып, олардың 24-і сотталды.

НӘТИЖЕЛІ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫ ЖӘНЕ ЖАППАЙ КӘСІПКЕРЛІКТІ ДАМЫТУДЫҢ 2017-2021 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН «ЕҢБЕК» БАҒДАРЛАМАСЫ

Оны іске асыруға 541 млрд 154 млн теңге қарастырылған. Оның 356 млрд 151 млн теңгесі − республикалық бюджет есебінен болса, 49 млрд 200 млн теңге – Ұлттық қордан, 135 млрд 802 млн теңге жергілікті бюджеттен бөлінген.

Бұл бағдарлама бойынша бүгінгі күнге дейін 175 қылмыстық іс тіркелген.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУДЫҢ 2020-2021 ЖЫЛДАРҒА АРНАЛҒАН ЖОЛ КАРТАСЫ

Екі жылда бағдарламаны іске асыруға бюджеттен 1 трлн теңге бөлінген. Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің есебіне сәйкес, бұл бағдарламада 96 млрд теңгеге бұзушылық анықталды. Негізгі кемшіліктің бірі − жұмысқа орналастыру мерзімі 1-2 айды ғана қамтиды. Бағдарлама бойынша жұмысқа тұрғандардың 34%-да зейнетақы аударымдары жоқ. Бұған қоса, бағдарлама аясында іске асқан, қаражат бөлінген жобалар елді мекен инфрақұрылымын дамытуға бағытталмаған.

НӘТИЖЕСІНДЕ БАҒДАРЛАМАНЫ ІСКЕ АСЫРУ КЕЗІНДЕ 132 ҚЫЛМЫСТЫҚ ІС ҚОЗҒАЛЫПТЫ.

«Бизнестің жол картасы-2025» бизнесті қолдау және дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама

Кәсіпкерлікті қолдауға арналған бағдарламаны іске асыруға республикалық және жергілікті бюджеттен – 457 млрд 435 млн теңге қарастырылған. Бөлінген қаражат «Даму» АҚ және «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ еншілес ұйымдары арқылы игеріледі. Есеп комитетінің дерегінше, биыл жұмсалған қаражаттың 35 млрд теңгесінде бұзушылықтар анықталды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік аталған бағдарлама бойынша 18  іс қозғалғанын мәлімдейді.

«НҰРЛЫ ЖЕР» МЕМЛЕКЕТТІК ТҰРҒЫН ҮЙ ҚҰРЫЛЫС БАҒДАРЛАМАСЫ

Аталған бағдарлама 2017-2021 жылдарды қамтиды. Бөлінген қаражат сомасы – 1 трлн 675 млн теңге.

Бұл бағдарлама бойынша 122 қылмыстық іс қозғалды.

Қорытындылар болсақ, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру кезінде мемлекет қаражатын қолды қылған 179 лауазымды тұлға сотталды, оның 69-ы бас бостандығынан айырылса, 38-і бас бостандығынан шектелді, 72-не айыппұл салынды. Мемлекетке келтірілген залал мөлшері 5 млрд теңгеден асады.