Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ТМД мемлекеттерінің басшыларын вакцинация төлқұжаттарын мойындауға шақырды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"ТМД елдерінде вакцинация төлқұжаттарының мойындалуын тездетуді ұсынамын. Бұл - өзара сенім мен ынтымақтастықтың маңызды қадамы. Осындай шешім қабылдап, азаматтардың еркін қозғалысын қамтамасыз етеміз және іскерлік байланыстарды жандандырамыз", - деді Тоқаев.
Ол ең қиын кезеңде ТМД елдері бір-біріне қолдау мен көмек көрсеткенін, бірлік пен ынтымақта жұмыс істегенін, бұл орайда Ресей өте маңызды рөл атқарғанын атап өтті.
"Біздің мемлекеттеріміз коронавируспен күресте жақсы тәжірибе жинақтады. Оның ішінде вакцина әзірлеуде де көп тәжірибе жинады. Әлбетте, халықтың жаппай иммунитетін көтеру азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Қазақстандық QazVac жоғары нәтиже көрсетті, басқа елге гуманитарлық көмек ретінде жеткізілді, қазір де жеткізіліп жатыр.
Сонымен қатар, QazCoVac-P жаңа препараты клиникалық сынақтардан сәтті өтіп жатыр. Тағы үш вакцина клиникаға дейінгі сынақтан өтіп жатыр. Біз халықаралық деңгейде сенімге ие болған ресейлік Sputnik V вакцинасын шығаруды жалғастырамыз. Мен сіздердің мемлекеттеріңіз де осы салада белсенді жұмыс жасап жатқанын білемін. Қазақстан тығыз ынтымақтастыққа, тәжірибе алмасуға және өз вакциналарын жеткізуге дайын", - деп қорытындылады Тоқаев.
Президент ТМД елдеріне сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыруды ұсынды.
"Басты міндет - сауда-экономикалық ынтымақтастықты жандандыру, нығайту. Бірқатар беделді халықаралық ұйымдардың мәліметтері бойынша ТМД мемлекеттерінің аймақаралық саудасы 91 миллиард доллардан асады, бұл әлемдік сауда деңгейінің жарты пайызы болады. Бұл ретте ТМД елдерінің өзара саудасының үлесі біздің мемлекеттердің сыртқы әлеммен жалпы тауар айналымының шамамен 20 пайызы болады", - деді ол.
Оның айтуынша, бұл көрсеткіштер сауда-экономикалық байланыстардың айтарлықтай өсуін көрсетеді.
Бұған дейін Мемлекет басшысы ШЫҰ елдерінде екпе төлқұжаттарын өзара мойындауды жеделдету туралы айтқан болатын.