СҚО-да 17 жастағы жасөспірім алаңқайдан граната тауып алды, – деп хабарлайды Polisia.kz. Қызылжар ауданындағы ауылдардың бірінің 17 жастағы тұрғыны ерекше зат тауып алған. Ол алаңқайдан коррозия белгілерімен гранатаға ұқсас затты анықтаған. Бала оны туысының үйіне әкелген, ал туысы полицияға хабарлаған.
Соколов поселкелік полиция бөлімшесінің қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алып, жақын маңдағы үш үйдің жеті тұрғынын қауіпсіз жерге көшірді. Оқиға орнына жеткен жарғыш-техниктер қауіпті затты арнайы қалыпқа салды. Табылған зат кеңестік заманнан қалған жаяу әскерде қолданылатын «УЗРГМ» тұтандырғышы бар «РГД» гранатасы болып шықты.
«Граната сараптамаға жіберілді, кейін арнайы полигонда жойылатын болады. Жарылғыш заттарға ұқсас зат табылған жағдайда зарядтың өздігінен жарылуын болдырмау үшін оларды ұстауға, орнынан қозғауға болмайтынын еске саламыз», - дейді Қызылжар ауданы полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Нұрлыжан Ақтанов.