Халық әртісі Роза Рымбаева "Россия 1" арнасындағы жаңа "Дуэты" шоуында Анатолий Цоймен өнер көрсетті, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Жобада танымал әртістер сүйікті хиттарын орындайды, бірақ олар кіммен бірге ән орындап жатқанын білмейді. Себебі әнді орындау кезінде олардың дауыстары бір-біріне өзгертіліп естіледі. Қатысушылар өз серіктесін қойылымның соңында бір-ақ көреді.
Роза Қуанышқызы сахнаға шықпас бұрын қатты қобалжығанын жасырмады. Кіммен бірге ән айтатынын білмегендіктен, ұятқа қаламын деп қорықты.
"Сахна сыртында серіктесім кім болар екен, бір-бірімізге сәйкес келеміз бе деген уайым болды. Бірақ біз кәсіпқой әншіміз, осы саланың маманымыз. Сондықтан кез келген жағдайда жоғары деңгейде орындап шығатынымызға сендім", – деді ол.
Роза Қуанышқызы Анатолийдің өнерін жоғары бағалап:
"Ол менің тонымнан бір октава жоғары айтты. Мен есеңгіреп қалдым. Браво, балақай!" – деді.
Сахнада олар аңызға айналған "Любовь настала" композициясын орындады. Халық әртісі мен MBand тобының экс-солисі Анатолий Цойдың өнер көрсетуі күтпеген жағдай болды.
"Міне, тосынсый! Күтпедім. Бұл әнді, Роза Қуанышқызын, тіпті бұл кісінің балаларын бала кезімнен білемін. Кішкентай кезімнен Роза Қуанышқызының фанатымын. Ол кісімен бірге ән айтуды армандап келдім", – деп эмоциясын жасыра алмады.
Шоуды Николай Басков пен Сергей Лазарев жүргізді.
"Қазақстанда талантты әртістер көп. Кеңес Одағынан бастап қазірге дейін дарынды, талантты әртістер шығарған елге жалынды сәлем жолдаймыз", - деді Басков.