Инвесторлар «Аюсай» мен «Алматы тау» кластерінің ұлттық парктерінде экологиялық туризмді дамыту жөнінде жиын өткізді. Ұлттық парктерде экотуризмді дамыту мемлекет жобасындағы басым бағыттардың бірі. ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың сөзінше, Алматыда экотуризмді дамытуға арналған ұлттық саябақтар, мүмкіндіктер көп, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тауды тамашалауға келетін туристер саны уақыт өткен сайын көбейіп келеді. «Іле Алатауы», «Шарын» шатқалы, «Көлсай», «Алтын Емел» МҰТП 2019 жылы – 428 мыңнан астам турист келсе, былтырғы пандемияға қарамастан 321 адам қыдырып барған. Ал осы жылдың 8 айында табиғатты тамашалап, тау баурайына барған тұрғындардың саны жарты миллионға жеткен.
«Жергілікті атқарушы органдардың белсенді қатысуымен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы өңірінің ұлттық парктеріне экотуризм бойынша өз жобаларын табысты іске асыратын стратегиялық инвесторларды тартып отыр. Олардың бірі – Іле Алатауындағы «Аюсай» сапар-орталығы. Ол іс жүзінде ақпараттық пункт ретінде ғана емес, білім беру, мәдени және корпоративтік іс-шараларды өткізу орны ретінде де жұмыс істей алатындығын көрсетті», – деді министр Ақтоты Райымқұлова.
Биыл инвестор Іле Алатауында сапар-орталығын ашып, «Тамыр» жабайы табиғаттағы өмір сүру мектебі жұмыс істей бастады. Сонымен қатар заманауи дәретханалар салынып жатыр. Кездесуде инвесторлар министрге «Алтын Емел», «Шарын» және «Көлсай көлдері» ұлттық парктерінде экологиялық таза инфрақұрылым салу жобаларын таныстырды.
«Біз ұлттық парктерге инвестиция сала отырып, ең алдымен экологияны сақтауға және туризм есебінен ауыл халқының өмір сүру деңгейін дамытуға мүдделіміз. Бұл күн тәртібі аса маңызды деп санаймыз. Сондықтан Алматы облысының әкімдігіне, Kazakh Tourism жобалық кеңсесіне және Экология министрлігіне алғыс айта отырып, әлі де қолдау көрсеткендерін қалаймыз», – деді «Таун Плюс» ЖШС басшысы Жәнібек Әлкеев.
Алатаудағы тау кластерін дамыту жөніндегі біріккен жобалық кеңсеге Алматы қаласы мен облыс әкімдіктерінің, өңірдің төрт ұлттық парк әкімшіліктерінің өкілдері кіреді.
«Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде инвестициялық жобаны іске асыру мәселелері және «Аюсай» сапар-орталығы жұмысының тұсаукесері талқыланды. Сонымен қатар «Шарын» мен «Алтын Емел» мемлекеттік ұлттық табиғи саябақтарында инвестициялық жобаларды қолға алуды жоспарлады. Атап айтқанда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымнан басқа да туристік қызметтерді дамыту үшін сапар-орталықтар, кемпингтер мен глэмпингтер, тамақтану пунктері, көлік тұрақтары сияқты туристік инфрақұрылымдар салынады. Алматының айналасындағы туризм инфрақұрылымын дамыту үшін 25 млрд теңгеге жуық қаржы жұмсалмақ.