Қазақстанда 20 қазаннан бастап карантиндік шектеулер жеңілдейді. Бұл туралы денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Цойдың айтуынша, эпидемиологиялық ахуалдың тұрақтанғанын және вакциналауға жататын халықтың 70%-тен астамының екпе алғанын ескеріп, ведомствоаралық комиссия 2021 жылдың 20 қазанынан карантинді жеңілдету туралы шешім қабылдады.
Атап айтқанда, медициналық-әлеуметтік нысандардың (қарттар мен мүгедектер үйі, балалар үйі және тағы басқа) пациенттеріне баруға рұқсат етіледі. Ол үшін вакцинаның екі дозасын алғаны туралы құжат немесе мерзімі 3 тәуліктен аспаған теріс нәтижелі ПТР-анықтама көрсету керек.
Сондай-ақ тек «жасыл» статусы бар адамдар үшін түнгі клубтардың жұмысы жанданады. Бірақ адам саны 50 проценттен аспауға тиіс:
«жасыл» аймақта 100 адамнан; «сары» аймақта – 70 адамнан; «қызыл» аймақта 50 адамнан көп емес.Бұдан бөлек, ASHYQ жобасына қатысатын бизнес нысандарының жұмыс уақыты ұзартылады:
«жасыл» аймақта сағат 03.00-ге дейін, жоба лидерлері үшін – 05.00-ге дейін; «сары» аймақта 01.00-ге дейін, жоба лидерлері үшін – 03.00-ге дейін.