Қасым-Жомарт Тоқаев Қарағанды облысына жұмыс сапары барысында Жезқазған қаласындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған "Өркен" мектеп-интернатына барды, деп хабарлайды zakon.kz.
Ол оқушыларға білім мен ғылымның маңыздылығы жайлы айтты.
"Ғылым, білім деген өте маңызды. "Білімді мыңды жығады" деген даналық сөз бар. Білім – қазіргі аумалы-төкпелі заманда ең күшті, ең тиімді құрал. Білімді болсаң, барлық қиындықтарды еңсересің. Міндетті түрде. Сондықтан біздің мемлекетіміздің үлгілі, лайықты, абыройлы азаматтары болыңдар. Еліміздің болашағы сендердің қолдарыңда", – деді Мемлекет басшысы.
Кездесу барысында Қасым-Жомарт Тоқаев оқушыларға туған өлкенің және қазақ халқының тарихын білудің маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, мемлекет басшысына Қарағанды облысында сапалы білім беруді қамтамасыз ету жөнінде берген тапсырмаларының орындалуы туралы баяндалды.
Өңірдегі 499 мектепте 206 мыңға жуық оқушы білім алады. Оның ішінде 21318 бала бірінші сынып оқушылары. Мектептердегі орын тапшылығына қатысты мәселені шешу үшін 2022-2025 жылдары 16 мектеп, оның ішінде үшеуі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік есебінен, сондай-ақ бір жеке мектеп салу жоспарланған, делінеді Ақорданың хабарламасында.
Сонымен қатар, облыста 166 мектеп жөндеуден өткен және 2025 жылға дейін 299 мектеп жаңғыртылады деп жоспарланып отыр.