Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Қаринова Түркістандағы дәретханада көз жұмған бесінші сыныптың оқушысына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды.
Сөзсіз, баланың өлімі — өте үлкен трагедия. Бұл жағдай белгілі болған соң, бірден Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің өкілдері Түркістан облысына аттанды. Қазір де олар сонда жұмыс істеп жатыр, - дейді Шолпан Қаринова.
Ал оқушыдан ақша бопсалау мәселесі бойынша ол алдын-ала болжам жасап, тон пішпеуге шақырды.
Каринованың ойынша, қорытынды жасауға асығудың қажеті жоқ. Мұнда тиісті органдар тиісті жұмыстарды аяқтауы керек. Сонда ғана шешім қабылданады.
Ал ақша жинау мәселесіне келер болсақ, білім және ғылым министрлігі мұны үнемі айтып келеді. Ата-аналар арасында болсын, жалпы, мектептің ішінде ақша жиналмауы тиіс. Әр деректі жеке қарастырып, ең қатаң шаралар қабылданады, - деді вице-министр.
Өткен аптада Түркістанда 5-сынып оқушысы көз жұмған. Қаза тапқан оқушының әжесі оны ақша тауып бере алмағаны үшін сыныптасы мектептің дәретханасында соққыға жыққан деп отыр. Ал дәрігерлер баланың басында ауыр жарақат болғанын айтады.