Нұр-Сұлтан қаласында жолаушылар автобусынан өрт шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгін сағат 18:44-те Байқоңыр ауданы Кравцов көшесі 9а мекенжайындағы «Целинный» мөлтекауданы аялдамасында автобус өртенді. «Ивеко» маркалы №28 қалалық маршруттың қозғалтқышынан өрт шыққан. Жолаушылар дереу автобустан түсіріліп, өрт сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Өртті сөндіруге ТЖД-нің 7 қызметкері және 1 техника жұмылдырылған.
CTS компаниясының баспасөз қызметі оқиға орнында ТЖ қызметкері тексеру хаттамасын жасап, жүргізушіден түсініктеме алғандығын хабарлады.
Іс материалдары өрт-техникалық зертхананың сараптама бөліміне жіберілді.
Аталған маршруттық көлік бүгін таңертең рейс алдындағы техникалық байқаудан өткен. Соңғы техникалық тексеру 27 мамырда жүргізілген.