Алматы облысы Талғар қаласында 18 жастағы жігітті көлік қағып өлтірді. Көлік жүргізушісі оқиға орнынан қашып кеткен, оны полицейлер іздеп жатыр. Жаяу жүргінші көлік қаққан сәт көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Бұл фактіге қатысты Алматы облысының полиция департаменті пікір білдірді, деп хабарлайды KAZ.NUR.KZ .
Жол-көлік оқиғасының видеосы әлеуметтік желіде тарап жатыр.
Белгілі болғандай, жол апаты Талғар қаласындағы Менделеев көшесінің бойында болған.
"Көлік қаққан кезде жас жігіт жарық орнатылмаған көшенің жиегімен келе жатқан. Күдікті оқиға орнынан қашып кеткен. Оның қасында тағы екі жолаушы болған. Көліктің алдыңғы әйнегі сынып қалған соң, жұлып алып, көппәтерлі үйлердің ауласына лақтырып кеткен. Содан белгісіз бағытта ізін суытқан", – делінген желідегі хабарламада.
Полицейлер көліктің маркасы мен жүргізушінің жеке басын анықтауға тырысып жатқанын атап өтті.
"Жол апаты салдарынан 18 жастағы жігіт оқиға орнында қаза тапты. Қазіргі уақытта жол-көлік оқиғасының мән-жайын объективті зерделеу үшін, сондай-ақ жүргізушінің жеке басын анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларына бағытталған қажетті тергеу амалдары жүргізілуде", – деп хабарлады Алматы облысы ПД баспасөз қызметі.
Ведомство қазір Талғар ауданының полициясы қылмыстық кодекстің 345-бабы, 3-бөлігі және 347-бабы (Абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғасы болған жерден кетіп қалу) бойынша тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.