$ 494.87  520.65  4.91

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін не істеліп жатыр?

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6 пайызға артып, 6,3 трлн теңгені құраған.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Агроөнеркәсіп саласы еліміз үшін экономиканың аса маңызды салаларының бірі. Проблемасы да шаш етектен. Сол проблемаларды шешу үшін де агроөнеркәсіпке тұрақты көңіл бөлініп, қажетті жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Нақты қандай шаралар қолға алынып жатыр? Атқарылып жатқан жұмыстардың бет алысы қандай? Таразылап көрген едік. 

Проблема көп болса да, соңғы жылдары агроөнеркәсіп саласында оң өсім бар. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 5,6 пайызға артып, 6,3 трлн теңгені құраған. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасындағы ең үлкен өсім. Оның ішінде тамақ өнімдері өндірісі 4 пайызға өскен. Ал бұл саладағы қызметтердің 90 пайызы автоматтандырылған, деп жазады Skifnews порталы.

Жыл басында Ауыл шаруашылығы министрлігі Президенттің тапсырмасымен Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасын таныстырды. Агроөнеркәсіп саласындағы әлемдік тәуекелдер мен трендтер ескеріле отырып әзірленген бұл жобаға халықаралық FAO ұйымының сарапшылары тартылған. 

Аталмыш жобада еңбек өнімділігін 2,5 есе арттыру, отандық өндірісті негізгі азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету, өңделген өнім үлесін 70%-ға дейін жеткізу, өнім экспортын 2 есе арттыру, 1 млн ауыл тұрғынының табысын тұрақты арттыру; 70 мың отбасылық шаруашылық құру, 500 мыңға жуық адамды ауыл шаруашылығында жұмыспен қамту, 7 ірі экожүйе қалыптастыру және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру арқылы ауыл халқының табысын арттыру міндеттері айқындалған. 

Бес жыл ішінде еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде 4,5 трлн теңгенің 845 жобасы іске асырылмақшы. Аталған жобаларды жергілікті әкімдіктер мен инвесторлар бірлесе пысықтаған. Сәйкесінше Жол карталары бекітілген. Олардың орындалуын Ауыл шаруашылық министрлігі бақылап отыр. Бұл жобалар Президенттің 7 ірі экожүйені құру туралы тапсырмасының ажырамас бөлігі. Осы жобалар аясында дәнді және майлы дақылдарды, жемістер мен көкөністерді, қантты, ет пен сүтті өндіру және өңдеу бойынша экожүйені құру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыру жоспарланған. 

Бұған қоса, 2020 жылдан бастап елімізде агроөнеркәсіп кешенін ерікті сақтандыру жүйесі іске қосылды. Жаңа жүйеде сақтандыру сыйақыларын 50% көлемінде субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау қарастырылған. Жүйеге төлемдердің кепілдігін қамтамасыз ететін халықаралық қайта сақтандыру компаниялары тартылған. Ал сақтандыру процестері толығымен автоматтандырылған. Өткен жылдың өзінде 6 өңірде 115 мың гектар дәнді және майлы дақылдар сақтандырылды. 

Сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенін субсидиялау тиімділігі әдістемесі қабылданбақ. Алдағы уақытта бұл салаға 4,1 трлн теңге инвестиция тарту жоспарланған. Бұл қосымша 500 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. 

Бұдан бөлек агроөнеркәсіп кешеніндегі бизнеске біртіндеп міндеттемелер жүктелмек. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары Роман Скляр айтқан еді. 

«Бизнеске біртіндеп міндеттемелер жүктеу жоспарлануда. Мысалы егістік алқаптарын әртараптандыру, ауыл шаруашылығының жалпы өнімі мен еңбек өнімділігін арттыру, сондай-ақ жерді ұтымды пайдалану талаптарын орындау сияқты іс-шаралар көзделген. Жемдік дақылдар алқабын ғылыми негізделген нормаға жеткізіп, егістік көлемін кемінде 2 есеге ұлғайту жоспарлануда. Жайылымдардың өнімділігін жақсарту үшін жаңа тәсілдер де енгізіледі», - деді вице-премьер. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары