Көлігімен адам қағып қашып кеткен полиция қызметкері болып шықты. Алматы облысында 18 жасар жігітті ажал құштырған күдікті қылмыс жасағанын айтып полицияға өзі хабарласқан.
Дегенмен тәртіп сақшысы жол апатына дейін бір күн бұрын өз еркімен жұмыстан кетіпті, деп хабарлайды “КТК” арнасы.
Дәмханадан удай мас боп шыққанын да ешкім растамай отыр. Ал қыршын кеткен марқұмды бүгін жер қойнына тапсырған туыстары бұған сенбейді. Өйткені оның тәлтіректеп кәуапханадан шығып, автотұрақта өзге көлікті соғып өткені бейнетаспаға жазылып қалыпты.
Жол жиегімен келе жатқан 18 жасар бозбаланы қағып өлтірген күдікті полиция қызметкері болып шықты. Кеше ғана «біздің қатысымыз жоқ» деп басын ала қашқан тәртіп сақшылары бүгін қылмыс жасаған әріптестері екенін ақыры мойындады. Полиция департаментінің өкілдері күдікті апатқа дейін бір күн бұрын жұмыстан өз еркімен шыққанын жеткізді. Бірақ ол көлікке сау күйінде отырған дейді департаменттегілер. Алайда марқұмның жақындары бұған сенбейді.
"Қаққан адам Алматы облысының полиция өкілі – Айсарақын Самат. Ол мас күйінде болуы мүмкін. Сол үшін де оқиға орнынан қашып кеткен. Келесі күні өткізіліп, сау екенін анықтаған сараптамаға қанағаттанбаймыз әрі келіспейміз. Сондықтан алкоголь және қан құрамындағы басқа да заттарға қайталап сараптама жасағанын қалаймыз", - дейді марқұмның туысы Фатима Токтыбаева.
Алайда бейнебақылау камерасынан Самат Айсарақынның кәуапханаға қазанның 25-і күні қайғылы оқиға болардан санаулы минут бұрын ғана қисалаңдап келгенін байқауға болады. Тіпті көлігінің есігін аша алмай құлаған. Әзер машинасына отырып автотұрақтан шықпай жатып өзге көлікті соғып өте шыққаны да бастан-аяқ сол маңдағы бейнебақылау камерасына жазылып қалған. Кафе қызметкерлері ол ішіп келіп жанжал көтергенін марқұм жігіттің туыстарына айтып берген. Сонымен қатар мас адам тізгіндеген көлікке тағы үш адам мінген. Қыршын кеткен баланың туыстары: «Ол куәгерлер қайда?» - деп аң-таң.
"Енді полиция қазір бәрін де жасайды. «Ол полицияда істемейді», «ол шығарылған жұмыстан» деген әңгімені шығарады. Органдар белгілі ғой қазір. Органдар өз қызметкерлерін бәрін істеген істерін жасырып, тығып жүру керек. Ал, біздің Талғардың полициялары ішіп алса, көшенің басынан аяғына дейін зымырап жүре береді. Оларға заң жоқ. Видетіркеуішті түсірген адам айтып отыр. Көрініп тұр, үш адам екені. Оның бәрін қайда жіберді?!", - дейді марқұмның туысы Сания Базарбаева.
Күдікті тергеушілерге берген жауабында көлікте жалғыз болғанын айтыпты. Расымен де туыстары айтқандай, бейнебақылаудан көлікте басқа адамдардың да отырғанын көреміз. Ал дәм-тұзы небәрі 18 жасында таусылған Дінмұхамедті жақындары мен дос-жарандары бүгін ақтық сапарға шығарып салды.
Қайғылы оқиға дүйсенбі күні кешкі 20:30 шамасында Талғар қаласында болған. Жол жиегінде кетіп бара жатқанда көлік қағып, оқиға орнынан ізін суытқан. Қансыраған жігітке оқиға куәгерлерінің айтунша, сол жерде жан тапсырған. Қашып кеткен экс-полицей өз еркімен беріліпті.
Марқұм болған жігіттің жақындары қаққан адамның ұзақ мерзімге қамауға алынғанын талап етеді. Сондай-ақ рөлге мас болып отырғанын жасырған сараптамашылардың жазаланғанын қалайды. Ал бұрынғы полицейдің қылмыс жасағанда бір күн бұрын жұмыстан шығып кеткеніне сенбейді. Баланың туыстары іс сиырқұйымшақтанып кетсе, прокуратураға арыз жазып, ішкі тексеріс жүргізуін талап етпекші.