$ 494.87  520.65  4.91

Токио 2020 – қазақстандық парадзюдошылар үшін ең табысты сайыс болды

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты қатысып келе жатқанын айта кеткен жөн.
Фото: ашық дереккөз
Фото: ашық дереккөз

Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Қазақстан Паралимпиада ойындарына 1994 жылдан бері тұрақты қатысып келе жатқанын айта кеткен жөн. Ең алғашқы Паралимпиада медалін шаңғы жарысында Любовь Воробьева жеңіп алған еді. Бұған дейін қазақстандық спортшылар Паралимпиадаларға КСРО құрамасы мен біріккен команда құрамында қатысып келген. 

1994-2021 жылдар аралығында біздің спортшылар тоғыз олимпиада медалін жеңіп алды, олардың жетеуі жазғы және екеуі қысқы Паралимпиада ойындарында. Ал биылғы Токиодағы Паралимпиада ҚР Тәуелсіздік жылдарындағы қазақстандық парадзюдошылар үшін ең табысты сайыс болды.

2021 жылдың қыркүйек айында аяқталған Токиода өткен Паралимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бес медаль иеленген болатын, оның ішіндегі үш «күмісті» парадзюдошылар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатина салды. Skifnews.kz ақпараттық порталы қазақстандық парадзюдошылардың табысты өнер көрсетуінің құпиясын ҚР парадзюдодан бас бапкер Жандос Қияновтан білген еді.

Бас бапкер мұндай нәтиже мықты команданың ұйымшыл әрекетінің арқасында мүмкін болғанын айтады.

«Жаттықтырушылардың, федерацияның, Параолимпиадалық комитеттің, мәдениет және спорт министрлігінің, сондай-ақ, жергілікті әкімдіктердің жұмыла көтерген жұмысының арқасында осындай нәтиде көрсете алдық. Бұл үлкен жұмыс. Біздің еркін жаттықуымыз үшін барынша жағдай жасалды», - дейді ол.

Спортшылар  Токио Олимпиадасына дайындықты сонау 2016 жылы Рио-де-Жанейродағы ойындардан бастаған. Ал тығыз дайындыққа 2020 жылы түбегейлі кіріскен.

«2016 жылы Рио-де-Жанейрода өткен Паралимпиада ойындарынан кейін бізде Токиодағы жарысқа үлкен дайындық жоспары болды. Ірі турнирлер өткізе бастадық, мысалы, Атырауда әлемдік гран-при сериясын өткіздік. Оған алты ел қатысты. Одан кейінгі жылы Әлем Кубогының лицензиялық кезеңін өткіздік, оған 19 ел қатысты. Тағы бір жылдан кейін Азия мен Океанияның лицензиялық чемпионатын ұйымдастырдық. Оған 13 ел қатысты. Сондай-ақ Қызылордада халықаралық турнир өтті. Мұның бәрі өз нәтижесін берді. Әрине, құрама жаттықтырушыларының, жеке тәлімгерлердің үйлесімді жұмысының арқасында. Паралимпиадаға 2020 жылдың қараша айынан бастап тыңғылықты дайындала бастадық. Балалар демалмады. Олар күшейтілген режимде жаттықты. Біздің команда Паралимпиадалық ойындарға жеті лицензия алды – бұл үлкен жетістік! Салыстырмалы түрде алар болсақ, сол 2016 жылы Риоға екі парадзюдошы барса, бұл жолы жетеуі аттанды. Бірден мол медальға ие болды», - дейді бапкер.

Айта кетейік, Қазақстан 2020 жылғы Паралимпиада ойындарын бес медальмен аяқтаған еді. Пауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын медаль иеленсе, парадзюдошылар Әнуар Сариев, Теміржан Дәулет пен Зарина Байбатина құрама қоржнына күміс медальдан салды. Ал жүзгіш Нұрдәулет Жұмағали «қола» алған болатын.

Жандос Қиянов құрама жұмысына COVID-19-дың әсері болғанын жасырмайды, ал, қаржыландыруға қатысты еш қиындық көрмеген.

«Мемлекеттік тапсырыстың арқасында бізде қаржыландыру проблемалары болған жоқ. Өңірлік әкімдіктер де қолдау көрсетті. Сонымен қатар, бізге психологтар, массажисттер, команда дәрігерлері көмектесті. Коронавирус әлегі бізге ғана емес, әлемнің әрбір командасына әсер еткені белгілі. Алайда, ойындарды бір жыл кейінге шегергенінің де жағымды жағын көруге болады. Себебі, құраманың тағы бір жыл дайындалуға мүмкіндігі болды, - дейді ол.

Бас бапкер Париж-2024 ойындарына лицензия алуға қатысты дайындықты бастап кеткенін айтты. Әзірге спортшылар биыл желтоқсан айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Азия және Океания чемпионатына дайындалып жатыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары