Ұлттық спорт түрлері тәуелсіздік жылдарында өзінің дамуында қуатты серпін алды, көп ұзамай олар кезең-кезеңімен барлық деңгейлер мен оқу-тәрбие үдерісіне енгізілетін болады. Ұлттық спорт пен ұлттық руханият, шын мәнінде, бір-бірімен тығыз байланысты ұғым десек, артық айтқандық болмас. Ұлттық рух болса, спорттан биік жетістіктер күтуге болады. Руханият әлсіресе, тиісінше соның нәтиже аламыз. Тәуелсіздік жылдарындағы ұлттық спорттың дамуына қатысты қысқаша шолуды Skifnews.kz ақпараттық порталынан оқи аласыз.
Әрбір этнос өзінің рухани және мәдени болмысын сақтауға ұмтылады. «Қазақстанның тарихы мен мәдениеті – біздің жастарымыз жасампаздықтың мықты қуатын алатын өмір беретін қайнар көз», – деп атап көрсеткен Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап ұлттық мәдениеттің дамуы мен республикада тұратын халықтардың мәдениеті мемлекеттің басты басымдылықтарының бірі екенін шегелеп айтқан болатын. Содан бер тарихи-мәдени мұраны, оның ішінде ұлттық спортты дамыту призмасы арқылы сақтауға ерекше көңіл бөлінді.
Жасыратыны жоқ, кеңестік жылдары ұлттық спорт түрлері шеттетіліп, дамымай қалды, олар көбінесе өткеннің сарқыншағына баланып, тек мерекелерде ғана еске алынатын. Алыпсоқ, арқан тарту, көкпар, бәйге сияқты ойындар тек мерекелік іс-шараларды әсем безендіру қызметін атқарды, бірақ спорттық ойындар ретінде танылмады.
Дәл Тәуелсіздік алғаннан кейін ұлттық спорт түрлерінің жанданып, халық арасында кең қанат жаюы байқалды. Бұл - ең алдымен, қазақ халқында ежелден болған спорт түрлерінің қашанда белгілі бір моральдық жүкті арқалап, жастардың бойында отансүйгіштік сезімін дамытып, ерік-жігер, мінез-құлық тәрбиелейтіндігімен ерекшеленді. Бүгінде біз өз тамырымызға қайта оралдық.
2020 жылдың соңында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мәдениет, дене шынықтыру және спорт мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатта биылдан бастап Мәдениет және спорт министрлігі шығармашылық үйірмелер мен секцияларға мемлекеттік шығармашылық, спорттық тапсырыстарды орналастыратыны белгіленген. Ал әрбір әкімдікте бір штаттық спорт нұсқаушысы болады.
Сондай-ақ білім берудің барлық деңгейіндегі дене шынықтыру сабақтарында ұлттық спорт түрлері енгізілген. Олар оқу үдерісіне кезең-кезеңімен енгізіледі. Ең алдымен, асық ату, тоғыз құмалақ, қазақ күресі және аударыспақ енгізілсе, келесі кезеңде көкпар, жамбы ату, жекпе-жек сынды танымал жарыс түрлері қосылатын болады. Нәтижесінде еліміздің спорт басқармасының мәліметінше, барлық жас санаттары арасында дене шынықтыру және спортпен айналысатын халықты қамту 45 пайызға дейін артпақ.
Тағы бір айта кетерлігі, Тәуелсіздік жылдарында қазақ күресі, саятшылық, асық ату және тоғыз құмалақ сияқты спорт түрлерін Дүниежүзілік материалдық емес мәдени мұраның репрезентативті тізіміне енгізу үшін барлық қажетті шаралар атқарылды. Ұлттық спорт түрімен айналысатындардың үлесі 2013 жылғы 5,9%-дан 2020 жылы 7,9%-ға дейін өсті.
Бүгінде республикада ұлттық спорт түрлерімен шұғылдану және дамыту үшін 9 мамандандырылған спорт клубы, 13 мамандандырылған спорт мектебі және астаналық ұлттық және ат спорты орталығы жұмыс істейді. Қазір 300 мыңға жуық адам ұлттық спорт түрлерімен қамтылды, республикада ұлттық спорттың 20-дан астам түрі белсенді түрде дамыды.