$ 494.87  520.65  4.91

Серпілмеген «Серпін». Павлодарға келген оңтүстік жастарының 70% қайта көшіп кеткен

БҒМ тиімсіз жобаға неге миллиардтар жұмсай береді?

Бағдарламаның тиімсіздігіне қарамастан, Білім және ғылым министрлігі «Серпін» жобасын жүзеге асыруға 2021-2023 жылдар аралығында тағы 32,7 млрд теңге жұмсауды көздеп отыр.

Қазақстанның солтүстік өңіріндегі демографиялық ахуал өте күрделі екені белгілі. Босап жатқан ауыл мен қаланы толтырып, жұмыс күшін жасарту үшін Үкімет тығырықтан шығудың жолын іздеуіндей іздеп жүр.

Сондай шаралардың бірі «Серпін» жобасы еді. Бағдарлама 2014 жылы басталған. Ол оңтүстікте мектеп бітірген түлектерді солтүстіктегі университеттерде тегін оқытып, соның есебінен жастарды солтүстіктегі ауылдарда бірнеше жыл жұмыс істеуге міндеттеуді көздейді. Яғни, осы бағдарлама арқылы грант алған студент университеттің жолдамасы бойынша ауыл-аймақта үш жыл жұмыс істеуге келісіп, келісімшартқа қол қояды.

Бірақ, бұл жоба өзін ақтай алды ма? Оңтүстіктен келген жастар солтүстікке сіңісіп, лайықты жалақысы бар жұмысқа орналаса алды ма? Сөздің тоқетерін айтқанда, мемлекеттің жаңа жобаға салған инвестициясы ақталды ма?

Мәжілістегі екі жас депутат Мәди Ахметов пен Елнұр Бейсенбаевтың пайымынша, «жоба жұмыссыздар санын азайтудың орнына, орта жолдан оқуын тастап, туған өлкесіне оралған NEET санатындағы жастардың санын көбейтіп жіберген».

Шынымен солай ма, нақты факторларға сүйеніп көрейік:

6 жылда «Серпін» жобасына мемлекет 25,7 млрд теңге жұмсаған. Бірақ, осы қаржы есебінен білім алып шыққан студенттердің тек төрттен бірі білім алған жерінде жұмысқа қалған. 2018 жылы бағдарлама арқылы Павлодар қаласына оқуға түсіп, биыл диплом алып шыққан жастардың 70% қайтадан оңтүстікке көшіп кеткен. Солтүстік Қазақстан облысында да осындай көрініс: биыл «Серпіннен» диплом алып шыққан Қозыбаев университетінің 237 студенті арасында тек 31 адам жұмысқа тұрған. Айта кетейік, 2021-2024 жылдар үшін осы бағдарлама бойынша кадр дайындауға 20 624 мемлекеттік білім беру тапсырысын, яғни, осынша грант санын бекітіп қойғаны белгілі болып отыр.

«Осының барлығын көре отырып, Білім және ғылым министрлігі 2021-2023 жылдары бағдардамаға 32,7 млрд теңге жұмсамақ. Егер жоба алдағы уақытта осылай өзгеріссіз орындала берсе, бұл мемлекет ақшасын ауаға шашумен тең», - дейді депутаттар.

Azattyq Ruhy тілшісі осы жобаға қатысқан студенттерді сөзге тартып, шын мәнінде бағдарламаның игілігін көрді ме, бағдарламаның қыр-cыры қандай деген сұрақтарға жауап іздеп көрді. Бір айта кетерлігі, жастардың көбі сұхбат беруден қашады. Бірнеше жыл бұрын бағдарлама арқылы диплом алып, солтүстіктің қиыр өңірінде жұмыс істеп жатқан жас маман аноним түрде ғана сұхбат беруге келісті. Жас жігіттің айтуынша, бағдарлама расымен тиімсіз. «Қағаз жүзінде сәтті орындалып жатқан «Серпін» шын мәнінде мені жалықтырды» дейді ол.

«Ең біріншіден, жоба сені жіпсіз байлайды. Оңтүстікте әрине оқуға түсу қиын, ата-анасына салмақ салғысы келмейтін балалар «тегін грант» дегенді естігенде бір сәттік қуанышпен солтүстікке кете салады. Дәл өзімде болған сезім, бірақ жерсіне аламын ба, кейін үш жыл ауылда жұмыс істеуге дайынмын ба деген сұрақтарды ойламайсың. Ол бір алыстағы дүние көрінеді. Әйтеуір, төрт жыл стипендия алып, оқуға түсе алмай қалды дегеннен гөрі, дипломы бар маман болуды ойлайсың. Бұл – біздің санамызға ата-анамыздың құйып тастаған психологиясы ғой: оқымасаң далада қаласың», - дейді А. есімді жас маман.

Бірақ, ол бізге бағдарлама арқылы жер түбіндегі бір ауылда жұмыс істеу – нағыз далада қалып, мәнсіз уақыт өткізумен тең деген пікірін де айтты.

«Әзер шыдап жүрмін, бір жылым қалды. Тастап кетсем, мемлекетке ақшасын қайтаруым керек. Оның үстіне, ер азамат ретінде қолыңмен жасағанды мойныңмен көтер деп тәрбиеленгенмін. Жол ортадан кетіп қалғым келмейді. Бірақ, егер мен басқа жолды таңдасам, жеке ойымды дамытып, тіпті, дипломсыз-ақ жеке кәсіп бастап кетер едім. Яғни, менің уақытым зая кетті», - дейді ол телефон арқылы айтқан әңгімесінде.

Кейіпкер қай мамандық бойынша білім алып, қандай жалақыға жұмыс істеп жүргенін айтқысы келмеді. «Үш жылғы міндетті еңбек аяқталған соң, қандай жоспарыңыз бар?» деген сұраққа ол «бұл ауылдан кетемін, жалданып болсын жұмыс істеймін, яғни, еркіндікті таңдаймын» деп қысқа жауап берді.

Депутат Ахметов пен Бейсенбаев жастардың психологиясын түсінген болу керек, Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдап, нақты бірнеше ұсыныстарын айтқан. Біріншісі, осы жолдама бойынша жұмыс істеуге міндеттеу мәселесін өзгертуге қатысты.

«Серпін» түлектеріне тек оқыған аймағында емес, көршілес жатқанелді мекендерде жұмыс істеуін ойластыру керек», - дейді олар.

Бұл сауалға жауап берген Тоғжанов осы жылдың тамыз айында осы жоба бойынша жас мамандарға одан әрі жағдай жасау үшін жұмыс тобы құрылғанын хабарлаған. Жұмыс тобы содан бері екі рет кездесіп, бағдарламаның тиімділігін талқылаған екен. Шынында да, тегін білім алды екен деп, таңдауынан тыс жас маманды шалғайдағы ауылға жіберу және оны сол жерде үш жыл жұмыс істеуге міндеттеу тиімсіз екенін түсінді ме, жұмыс тобы бағдарламаға мынандай өзгерістер енгізуді ұсынған:

«Серпін» жобасының түлектеріне жұмыс күші жетіспейтін барлық аймақта жұмыс істеуге мүмкіндік беру;

Ауылда жұмыс істейтін түлектер үшін жұмыс мерзімін үш жылдан екі жылға қысқарту;

Бірақ, жұмыс тобында айтылған бұл ұсыныстар нақты қашан күшіне енетіні белгісіз. Тек Тоғжановтың сөзіне сенсек, бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып жатыр. Azattyq Ruhy жобаға заңды түрде өзгеріс енуін назарда ұстап, болашақта бағдарлама қатысушыларының өмірінен репортаж ұсынуды жоспарлап отыр.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары