29.10.2021, 02:11

Алматыда қазба жұмыстары кезінде құрылысшылар құбырды жарып алды

Әл-Фараби көшесінің жоғарғы жағында құбыр жарылып, қазан шұңқыр суға толып кетті.

Әл-Фараби көшесінің бойында құрылыс жұмыстары кезінде құбыр жарылып, қазылған қазан шұңқырды су басып қалды, деп хабарлайды Express Qazaqstan.

Әл-Фараби көшесінің жоғарғы жағында құбыр жарылып, қазан шұңқыр суға толып кетті. Төтенше жағдайдың видеосы әлеуметтік желіде тарады. Онда атқылап жатқан субұрқақты байқауға болады. Express Qazaqstan мәселенің мән-жайын анықтау үшін Алматы қаласы Төтенше жағдай департаментіне хабарласқан болатын. Бірақ ондағылар оқиғаның қай мекен-жайда екенін өзімізден сұрады.

Кейінірек "Алматы су" МКК ресми өкілі Серік Шагиров оқиға орнында екі жедел бригада жұмыс жасап жатқанын жеткізді. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары біткенше бірнеше көше тұрғындарына суық су уақытша берілмейді.

"Нұр Мүбәрәк" ислам орталығының аумағы арқылы өтетін диаметрі 800 мм су құбырының бір бөлігі зақымданған. Апат салдарын жою аяқталғанға дейін Сейфуллин, Әл-Фараби, Сәтбаев, Ходжанов көшелерінің тізбегінде орналасқан тұтынушыларға суық су беру шектелді", — Серік Шагиров.