$ 445.66  474.58  4.78

ЛГБТ белсендісі шенеуніктерді «жақынырақ танысуға» шақырды

Өткен жылы осы уақытта ІІ «Орталық-Азиялық ЛГБТ-Платформа» жиыны өткен. ЛГБТ-ға қарсы топ пандемия кезінде белсенді әрекет ете алмаса керек, «біртүрлілер» жиынын ың-шыңсыз өткеріп алды.

Өткен жылы осы уақытта ІІ «Орталық-Азиялық ЛГБТ-Платформа» жиыны өткен. ЛГБТ-ға қарсы топ пандемия кезінде белсенді әрекет ете алмаса керек, «біртүрлілер» жиынын ың-шыңсыз өткеріп алды. Әрине, онлайн форматта.

Біз неге бұл жиынға бір жылдан кейін қайыра соғып отырмыз? Себебін төменде түсіндіруге тырысамыз.

Жиынға жас шамасы 35 пен 70 аралығындағы 250-ге жуық адам қатысқан. Бұлардың арасында арнайы шақырылған қонақ – БҰҰ-ның сексуалды ориентация және гендерлік сәйкестілік бойынша арнайы баяндамашысы Виктор Борлоз Мадригал да бар.

Белсенділер төрт күнде 8 тақырыпты қызу талқылапты: Бірінші күні Қазақстандағы ЛГБТ/МСМ (ағылшын тілінен аббревиатура – Men who have Sex with, яғни еркекпен жыныстық қатынасқа түсетін еркектер – ред.) мүшелерінің жағдайы, оларды қаржыландыру, т.б. мәселелері сөз болса, қалған үш күнде жалпы Орталық Азиядағы ЛГБТ белсенділерінің жай-күйі, исламдағы феминизм, христиандағы сексуалдылық, насихат жұмыстары талқыланып, арнайы платформа жасақталған. Сондай-ақ Facebook әлеуметтік желісінде платформаға қатысушылардың құпия тобы құрылыпты.

Nege.kz тілшісі Прагада өткен гей-парадтың қатысушысы әрі осы «құпия топ» мүшелерінің бірімен тілдесті. Аты-жөнін атамауды өтінген «құпия кейіпкер» өз араларында жоғары лауазымды шенеуніктер бар екенін, олар көмектеспесе де кедергі келтірмейтінін айтады.

– Орталық-Азиялық ЛГБТ жиыны бұған дейін екі рет өтті. Биыл үшінші рет өткіземіз. Өткен жылы онлайн форматта болған, ал биыл бетпе-бет кездесуді жоспарлап отырмыз. Биыл кездесуге 300-ге жуық адам жианалмақ. Жылдан-жылға жақтастарымыздың саны көбейіп келеді, – дейді ЛГБТ белсендісі.

– Карантин талаптарын қайтесіңдер? Мұнша адамды бір жерге жинауға қалай рұқсат етеді?, – деген тілші сұрағына белсендінің жауабы дайын екен

– 500 адамды жинап той да жасап жатыр ғой. Оның үстіне карантин талаптары жеңілдеді. Қайтсек те өткізуге тырысамыз. Шенеуніктер көмектеспесе де, кедергі келтірмейді деп ойлаймыз, – деп жауап берді

– Шенеуніктер арасында жақтастарың көп пе? – деген сұрақтың да реті келе қалды.

– Аз емес! Түрлі министрліктер мен әкімдіктерде, депутаттар арасында ЛГБТ өкілдері бар, бірақ олар бізді белгілі себептермен ашық қолдай алмайды. Біз оларға түсіністікпен қарауға тырысамыз, билік тарапынан агрессияға ұшырағанын қаламаймыз... – деген жауап естідік.

ЛГБТ-ның тағы бір белсендісі Данияр Сәбитов өткен жылы Қазақстанда ЛГБТ өкілдерінің саны 1,5 млн екенін айтып, бұл мәселеде «Қазақстанның тез өзгеріп келе жатқанын» ескерткен ол былай деп өкпесін жеткізген: «ЛГБТ өкілдері барлық салада жүр – саясаткерлер арасында, министрлер арасында, соттар мен прокурорлар арасында да бар. Бірақ, өкінішке қарай, олар үшін карьера мен ақша ориентация мен гендерлік сәйкестік бойынша іні-қарындастарынан, бауырларынан артық боп тұр».

Сөйткен Д.Сәбитов жуырда арнайы презентация жасап, биліктегі аға-әпкелеріне үндеу тастады.

Оның зерттеуіне қарағанда, Қазақстанда 5 460 378 еркек бар. Олардың 62 мыңы – МСМ, яғни еркекпен жыныстық қатынасқа түсуді тәуір көретін еркектер. Алайда ол 62 мың МСМ-нің қаншауы шенеунік екенін және олардың қай салаларда қызмет ететінін ашып айтпады. Бірақ биліктегі жақтастарына жасырын сигнал жіберді.

Сәбитов презентациясын «Шенеуніктер мен ЛГБТ бір-бірінен қорқуды доғаруы керек!» деп аяқтапты. ЛГБТ-шенеуніктер арасынан үн қатуға кімнің дәті шыдар екен?..      

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары