29.10.2021, 15:00

Назарбаев мектебінде ұл балалар сабаққа белдемше киіп келді

Фото: malim.kz
Олар мектеп әкімшілігі қайтыс болған баланы белдемше кимеді деп, «өтірік» айтқанына наразы.

«Киімде гендерлік айырмашылық жоқ» - Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушылары қарсылық акциясына шықты. НЗМ ұл балалары бүгін мектепке белдемше киіп келген, деп жазады malim.kz.

Күні кеше Алматыдағы Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы 11 қабаттан секіріп, өз өзіне қол салды деген ақпар тараған болатын. Желіде оқушы мектептегі тақырыптық мәдени шаралардың біріне белдемше киіп келгені үшін сынып кураторы оны күштеп психологқа апарғаны айтылған еді.

Алайда мектеп басшылығы суицидке қатысы жоқ екендерін айтып, желіде тараған ақпарды жоққа шығарды. Олар бұл оқиға мектеп ауласынан тыс аумақта болғанын айтып, «Белдемше деген қайдан шыққан әңгіме?» деп жауап берді. Басшылық ешкім оқушыны мәжбүрлеп психологқа апармағанын, оның тіпті белдемшеде болмағанын айтады.

Ал мектеп оқушылары қарсылық шарасын ұйымдастырып, әлуметтік желілерде белсенді түрде оларды қолдауға щақырып жатыр. Сондай-ақ олар мектеп әкімшілігі қайтыс болған баланы белдемше кимеді деп, «өтірік» айтқанына наразы.

Қазіргі таңда оқиғаға қатысты қылмыстық кодекстің 105-бабы «өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр. Сот медицина сараптамасы тағайындалған.