$ 494.87  520.65  4.91

Петропавлда 570 млн теңгеге жөнделген көпір жарамсыз болып қалды

Жоспар бойынша нысан былтыр жөнделуі тиіс еді.
Фото: azattyg. ruhy
Фото: azattyg. ruhy

Петропавлда 2014 жылы 570 млн теңгеге күрделі жөнделген көпір жарамсыз күйге түсті. Енді ол бюджет қаражаты есебінен қайта қалпына келтірілмек, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Осыдан екі жыл бұрын қаланы Жұмысшы кентімен жалғайтын көпірдің деформациялық тігісінде пайда болған жарық одан әрі үлкейіп кеткен. Жоспар бойынша нысан былтыр жөнделуі тиіс еді.

«Жазғы уақытта бірнеше рет көпірді жөндеу үшін әкімдік конкурс жариялады. Бірақ бұл жұмысты атқаратын ешкім табылмады. Сондықтан да биыл қыркүйек айында «Магистраль СК» серіктестігімен келісімшартқа қол қойылды. Бұл көпір 1961 жылы салынған. 2014 жылы толық жөндеу жүргізілді. Енді міне 7 жылдан кейін орташа жөндеу жұмыстары жасалмақ», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Енді нысан бюджеттен бөлінген 21 млн теңгеге қайта қалпына келтірілмек. Кепілдік мерзімі өтіп кеткендіктен әкімдік мердігерді жауапқа тарта алмайды. Бүгін көпір уақытша жабылды.

«Айналма жолмен жүруден басқа амал жоқ. Бір айналымды жасау үшін қосымша 15 шақырым жүру керек. Күніне 7-8 рейс жасайды. Онсыз да бағасы аспандап тұрған дизель отынына қосымша шығындаламыз. Сосын автобустардың арасындағы уақыт ұзартылады. Демек, қоғамдық көліктің ұзақ жүретіні өз алдына, тұрғындар автобустарды 20 минутқа дейін күтуге мәжбүр болады», - дейді «СҚО жолаушылар тасымалы одағы» қауымдастығының төрайымы Галина Семенова.

Жұмысшы кентінің тұрғындары бүгін ашулы. Қаланың орталығына баратын негізгі көпір жабылғандықтан, жұрт жаяу-жалпылап, діттеген жеріне жете алмай қиналуда.

 

«Мен қаланың арғы шетіндегі инфекциялық ауруханада жұмыс істеймін. Оған уақытында жету үшін 2,5 сағат ерте шығуға тура келді. Бұл көпірдің жыры біте ме, бітпей ме», - дейді қала тұрғыны Светлана Евдокимова.

2014 жылы күрделі жөндеу кезінде көпір бірнеше айға жабылған еді. Бұл жолы жөндеу жұмыстары қанша уақытқа созылатыны әзірге белгісіз.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары