31.10.2021, 21:40

Атырау облысында атыс болған ауылда күшейтілген режим енгізілді

30 қазанда сағат 19.30-да Қызылқоға ауданы Сағыз ауылы маңындағы Атырау-Ақтөбе тасжолында ауылдастар арасында атыс болып, алты ер адам жарақат алды, оның бесеуіне оқ тиген.

Атыс болған Атырау облысының Сағыз ауылында күшейтілген режим енгізілді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Полиция қызметкерлері оқиға орнына барды. Жағдай тұрақты. Тәртіп сақшылары күшейтілген режимде жұмысын жалғастырып, Сағыз ауылын тәулік бойы күзетіп жүр", - деп хабарлады Атырау облысы ПД баспасөз қызметіндегілер.

Сонымен қатар, Атырау облысы полиция департаментінің басшысы Қамза Үмбетқалиев оқиға орнына облыстық полиция департаментінің жедел-тергеу тобы барғанын хабарлады.

"ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 2-бөлігі (Адам өлтіру) бойынша тергеу жүріп жатыр", - деді ол.

Еске салайық, 30 қазанда сағат 19.30-да Қызылқоға ауданы Сағыз ауылы маңындағы Атырау-Ақтөбе тасжолында ауылдастар арасында атыс болып, алты ер адам жарақат алды, оның бесеуіне оқ тиген. 1985 жылғы ер адам Сағыз ауылындағы амбулаториялық ауруханада қайтыс болды. 

Тегтер: Атырау атыс