Пандемия кезінде халық аспирин таппай, талай кәсіпкер табысынан айырылып жатса да, Үкімет жыл сайынғы қажеттілігіне Ел бюджетінен бөлінетін миллиардарты үнемдеуге асықпайды. Мемлекеттік сатып алу порталында Премьер-министрдің кеңсесі келер жылғы чартерлік рейстерге 516 миллион теңгегенің тендерін жариялады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпараттық порталы "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.
Талап бойынша Асқар Мәмин мен оның орынбасарлары елдің әр аймағы мен шетелге тек ВИП, яғни ең қымбат ұшақпен қатынайды. Кейбір журналистер мен депутаттар дәл қазіргі қымбатшылық кезінде ел бюджетінен мұндай шығын жасаудың түкке қажеті жоқ деп отыр.
Журналистерге жауап бере бермейтін, үкімет отырысында да жиынды тек монитордан оқып өткізетін Асқар Мәмин мен орынбасарлары жай ұшпақпен ұшпайды. Міндетті түрде былғары креслосы бар, борты кең, ішетін ас-сулары да ақсүйектердің мәзіріндегідей болуы шарт. Ол ұшаққа өзге әуе кемесіндегідей көп адам отырмайды. Орын саны шектеулі. Мемлекеттік тапсырыста мұның барлығы анық жазылған. Ұшақта өте білікті екі ұшқыш, екі техникалық инженер мен екі бортсерік қызмет көрсетеді. Мысалы, премьер-министрдің орынбасары Роман Склярдың 25-мамырдағы Ақтауға іссапары кезінде тек бір бағыттағы ұшағына 12,5 миллион теңге жұмсалған. Ал, жыл сайын ел қазынасынан премьер мен қол астындағы шенеунтіктердің ұшағына 516 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалады. Журналист Ербол Мәндібек Үкімет басшылары үшін өз алдына әуе компаниясын ұстаудың қажеттілігі жоқ дейді.
ЕРБОЛ МӘНДІБЕК, журналист:
– Үкіметке өз алдына авиакомпания ұстауға болмайды! Біздің Үкіметке! Үкімет мейлінше ашық болуы керек. Сен қайда ұшып жатсың, қайда тұрып жатсың, немен жүріп жатсың? Шығының қанша? Өйткені оның барлығы халықтың қалтасынан алынып отыр ғой!
Мәжіліс депутаты Берік Дүйсенбинов те үкімет вип ұшаққа елдің қазынасынан жөн-жосықсыз қаржы жұмсайды деп отыр. Кейбір аймақ тұрғындарымен жүздесуге таксимен барып жүрген депутат Үкіметтің ұшағына жұмсалатын миллиондарды үнемдеп, шағын кәсіпкерлердің бизнесін дамытуға бөлейік дейді.
БЕРІК ДҮЙСЕНБИНОВ, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Шұғыл бір чартермен ұшып барып, шешіп тастап, соның арқасында халық қарық болып жатса обалы не? Егер сондай болып жатса? Ал енді жөн-жосықсыз, халықтың қаражатына ұшып барған деген сол 1,5-2 сағаттық жол ғой қалай ұшып барса да! Оны кез келген самолетпен ұшып баруға болады. Шенеуніктер өздерінен бастау керек! Үнемдеуді!
Ал, нұр-сұлтандықтардың кейбірі вип ұшаққа осыншама миллиондардың жұмсалатынын естіп, аң-таң!
Айта кетейік, премьер-министр мен орынбасарларын әуеде тасымалдаумен Беркут деп аталатын еліміздегі жалғыз мемлекеттік әуе компаниясы айналысады. 21 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан компанияның ресми сайтында ешқандай мәлімет жазылмаған.