Нұр-Сұлтан мектептерінің бірінде 9-сынып оқушысын ұрған мұғалім жұмыстан шығарылған. Дегенмен, мұны естіген оқушылар мен ата-аналар наразылық білдірді, деп хабарлайды kznews.
Кейбіреулер бұл жазаны тым қатаң деп санайды. Қанша дегенмен ұстаз мұнда 28 жыл бойы жұмыс істеген.
Оқиға №3 гимназияда болған. Химия пәнінің мұғалімі Светлана Окружко сабақ үстіндегі айғай-шу кезінде 9-сыныпта оқитын қызды кітаппен құйрығынан салып қалған.
«Содан кейін оны жұмыстан қуып жіберді. Біз директорға дейін бардық, оның білікті маман екенін айтып, жұмыстан шығармауын өтіндік. Оның ұзақ жылғы еңбегін ешкім ескермеді. Тіпті балалармен қоштасуына да мүмкіндік берген жоқ. Балалар оны қорғай бастаған кезде оларды акт залына қамап, телефондарын алып қойды, қысым көрсетті», – дейді ата-аналар комитетінің жетекшісі Виктория Евдокимова.
Ол таяқ жеген оқушының ата-анасымен сөйлесіп, екі тарапты татуластыруға да тырысқан. Алайда оған мектеп басшылығы қарсы болыпты.
Мектеп директоры журналистермен байланысқа шықпады.
«21 қазандағы бұйрық негізінде Снежана Окружкомен жасалған еңбек келісімшарты бұзылды. Мұғалімге қатысты қызметтік тергеу жүргіздік. Оқушының ата-анасының өтініші педагогикалық этика кеңесінде қаралды» деп мәлім етті білім басқармасы.
«Мен сабақта орынсыз қалжың айтып, баланы оқулықпен салып қалдым. Айтарлықтай дау-жанжал болған жоқ. Бір күліп алдық та, әрі қарай жалғастырдық. Сосын баланың ата-анасы келіп, мені айыптады. Мен, әрине, кешірім сұрадым. Сыныпқа келіп, балалардан кешірім сұрауға да дайынмын. Өйткені менің арам ойым болған жоқ. Менікі дұрыс емес, келісемін. Баланың ата-анасы менің сабақ бергенімді қаламайтынын айтты. Мен жарайды дедім. Бірақ директор «педагог этикасын бұзғаным үшін» жұмыстан шығарылғанымды айтты», – дейді ұстаздың өзі.