Ішкі істер министрлігі «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заң жобасын әзірледі. Бұл туралы ведомство басшысы Ерлан Тұрғымбаев Мәжілістің жалпы отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оның мақсаты – онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыс үшін жазадан босату, кейбір ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның мерзімін қысқарту.
«Рақымшылық – ардагерлерге, кәмелетке толмағандарға, жасы үлкендерге, бірінші және екінші топтағы мүгедектерге, сондай-ақ қоғамға қауіп төндірмейтін адамдарға қолданылады. Елімізде 64 мекеме мен 16 тергеу изоляторында 34 мың адам бар. Оның ішінде 30 мың азаматқа сот үкімі шыққан. Қалған 4 мың адам тергеу мен қамауда. 93%-ы ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны үшін қамауда отыр. 45%-ы бірнеше рет оның алдында сотталғандар. Сонымен қатар 32 мың адам пробациялық бақылауда тұр», - деді Тұрғымбаев.
Министр жоба бойынша 2 236 сотталушыға және 11 310 пробацияда тұрған адамға рақымшылық жасалатынын айтып, нәтижесінде қанша адамның бостандыққа шығатынын жариялады.
«Біріншіден 1 мың адам қамаудан бостандыққа шығады. 3 818 адам пробациялық бақылаудан босатылады. Екіншіден, 1 294 сотталушыға, 7 492 пробацияда тұрған адамға жаза мерзімі қысқартылады. Барлығы – 8 786 адам. Үшншіден, сотқа дейінгі тергеу өндірісіндегі 5 мың қылмыстық іс қысқартылады. Оның ішінде 1674 адам қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, 1471 адамға сот органдары жаза мерзімін қысқарту немесе босату ережелерін қолданады», - деп нақтылады Ерлан Тұрғымбаев.
Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, аса ауыр қылмыс жасаған адамдарға рақымшылық қарастырылмаған.