Бұл туралы Нұр-Сұлтанда өтіп жатқан конференцияда Ұлттық музей директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы айтты, - деп хабарлайды baq.kz.
Арыстанбек Мұхамедиұлы «Ұлы Даланың жеті қыры: Сібір ұлысы және Тайбұға Қазақстан тарихында» атты конференцияда хан Кененің бас сүйегін қайтару мәселесіне қатысты пікір білдірді.
Бұл істі аяғына дейін жеткізу керек. Қазір жан-жақты зерттеліп жатыр. Бұл - өте дұрыс бағыт. Алайда мұндай тарихи қадамды асығыс жасауға болмайды. Бізде одан басқа да шетелде артефактілеріміз бар. Мәселен, Берік Әбдіғалиұлымен Петербургке барғанда Кенесары ханның белбеуіне куә болдық. Оның мылтығы Омбы музейінде тұр. Екі жақты кездесу жүргізіп, мұндай қасиетті құндылықтарды елімізге әкелуге мүмкіншілік бар, - деді ол.
Тағы оқыңыз: Кенесары ханның бас сүйегі қайда? Омбыдан ресми жауап
Сондай-ақ, ол Кенесарының бас сүйегін қайтару неге ұзаққа созылып кеткенін түсіндірді.
Бұл - бір күндік дүние емес. Қазіргі уақытта бұл мәселе қаралып жатыр. Айта кетейін, мұндай қадамды жасап жатқан тек біздің ел. Кейкі батырдың бассүйегін алып келгенде ол тізім ішінде басқа мемлекеттердің де батырларының бассүйектері болды. Оны қайтарам деп жүрген басқа ел жоқ. Біздің еліміз бұл тұрғыда ерекше, өз құндылығын қастерлейді, - деп атап өтті Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Бұған дейін Ресей президенті Владимир Путин Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен кезекті кездесуінде Қазақстан халқына Кенесарының сүйегін қайтаруға көмектесуге уәде еткен болатын.