Ақ үй конгресс сенатының қарауына 55 жастағы Сауле Омарованың кандидатурасын ақша айналымын бақылаушы басқармасының (Comptroller of the Currency) басшысы лауазымына тағайындау туралы ұсыныс жіберді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz Ақ үй сайтына сілтеме жасап.
"Сенатқа Нью-Йорктен Сәуле Омарованы АҚШ-тың қаржылық бақылау басқармасының (Comptroller of the Currency) басшысы лауазымына бес жыл мерзімге тағайындау туралы ұсыныс жіберілді", - делінген хабарламада.
Currency Comptroller Office (OCC) - АҚШ қаржы департаментінің тәуелсіз бөлімшесі, сондай-ақ, елдегі банк секторының негізгі реттеушісі. Ол шамамен 14 триллион долларлық жиынтық активі бар 1200 банкті бақылайды, бұл - елдің банк жүйесінің үштен екісі.
Сәуле Омарова қаржылық бақылау басқармасының басшысы лауазымына бекітілсе, 1863 жылы құрылған басқарманы басқаратын бірінші әйел болады.
Сәуле Омарова - Корнель университетінің банктік құқық профессоры, ММУ (1989), Висконсин университетінің (1999) және Солтүстік-Батыс университетінің (2001) түлегі, заңтану докторы дәрежесін үздік қорғаған. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгерген.
Bloomberg және The Wall Street Journal басылымдары Омарованың криптовалютаға қатысты сынымен танымал екенін атап өтті.