$ 494.87  520.65  4.91

Әйелдердің зейнет жасын 58-ге қысқарту мәселесін арнайы жұмыс тобы қарап жатыр

Әйелдер 55 жастан асқан соң жұмыс істеу қиын екенін айтады.
Фото: ашық дерекөз
Фото: ашық дерекөз

Әйелдердің зейнетке шығу мерзімін 58 жас етіп қайта өзгертуді талап еткен наразылық жиыны Нұр-Сұлтан мен Алматыда қатар өтті. 

"Ана туралы балладаны" әнұранына айналдырған әйелдер 55 жастан асқан соң жұмыс істеу қиын екенін айтады. Олардың сөзінше, бұл уәжді еліміздің 60 мыңға жуық әйелдері қостайды. Осынша қол жиналған, деп хабарлады 31 арнаның Информбюро ақпараттық бағдарламасы. 

"Елу бес жастан асқаннан кейін әйелдердің денсаулығы жұмыс істеуге жарамайды. Оны бүкіл Қазақстан әйелдері жақсы біледі. Көпбалалы аналар 63-ке, яғни зейнет жасына жете алмауы да мүмкін. Қазір біздің денсаулығымыз әлеуметтік жағдайға байланысты өте төмен", – дейді елорда тұрғыны Кенжеш Сембаева.

Алматылық аналар Абай ескерткішінің алдында жиналған. Олардың да талабы бір – зейнет жасын төмендету. Дегенмен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің бас сарапшысы Әйгерім Бекетованың түсіндіруінше, әйелдердің талабын заңға енгізу үшін арнайы жұмыс тобы құрылған. Жұмыс тобының отырыстары бірінші вице-министр Әділ Ахмадиевтің төрағалығымен өтеді. Алайда әзірге аталған ұсыныстарды қарау әлі аяқталмаған.

31 арна эфирінде сұхбат берген заңгер Айыпхан Мұхамедиевтің айтуынша, Үкімет әйелдердің зейнет жасын 63 жасқа дейін арттырудың елге, экономикаға, бюджетке тиімділігіне тек 5-10 жыл өткеннен кейін ғана баға бере алады. Дегенмен, мұндай наразылықтардың жиілеуіне ел тұрғындарының жалпы денсаулығы мен тұрмысының нашарлауы себеп болып отыр.

"Бұл мәселеге екі жақты қарау керек. Біріншіден, ұлттық компанияларда, ірі мекемелерде жұмыс істейтін, табысы жоғары әйелдер бар. Олар үшін зейнет жасының ұлғайғаны пайдалы. Алайда олармен қатар жұмыссыз, аз уақыт жұмыс істеген, кәсіпорындарда, ауыл шаруашылығында ауыр жұмыс істеген әйелдер де бар. Міне, олардың денсаулығына едәуір зиян келіп отырғандықтан, зейнет демалысына ертерек шыққаны тиімдірек", – дейді заңгер Айыпхан Мұхамедиев.
 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары