10.11.2021, 15:00

«Астана» футбол клубынан ақша жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото: ашық дереккөзі
Жүргізілген тексеріс нәтижесінде жалған келісімшарттар еңбек шартынан кейін жасалып отырғаны анықталды.

Ресейлік футбол функционері және "Астана" футбол клубының сарапшылар кеңесі қорының мүшесі Дмитрий Васильев клубтағы жемқорлыққа қатысты арыз түсірген болатын. Қазір футбол клубынан ақша жымқыру дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. астана клубы

Ақшаны 2018 және 2021 жылдар аралығында жалған келісімшарттар жасау арқылы жымқырды деп топшыланған. Келісімшарт бес футболшы (Исламбек Қуат, Валерий Чуперк, Семир Смайладжик, Лопес Фернандес Энрике, Фатос Бечирай) және бұрынғы бас жаттықтырушысы Андрей Тихоновпен жасалған. 

Жүргізілген тексеріс нәтижесінде жалған келісімшарттар еңбек шартынан кейін жасалып отырғаны анықталды. Ақша жымқыру дерегі бойынша "Астана" клубының басшысы Михаил Гурман мен бұрынғы басшысы Давид Лория басты күдікті болып отыр. 

30 қазан күні сот футбол клубының қаржылық құжаттары мен бухгалтериялық есептерін алу жайлы қаулы шығарған болатын. 

Айта кетейік, бұған дейін жемқорлыққа қарсы күрес қызметі “Астана” клубында тексеріс бастағанын хабарлаған едік.