Жеті қат жердің астына күнара түсіп жүрген Сергей Владимиров оқыс оқиға орын алған күні ештеңеден сескенбегенін айтады. Оған метан бөлінгенін рация арқылы хабарлаған. Жер астындағылар еш саспастан біртіндеп жоғары көтеріле бастапты. Алайда, улы газ оларды да айналып өтпегенін біршама уақыттан кейін бір-ақ білген екен, деп хабарлайды Stan.kz.
Ал қауіп төтеден келгенде Сергей Владимиров ебін тауып аман қалса, оның аттасы Сергей Корниенко ажалдан жанын арашалай алмады.
“Әріптесіммен бірге электр жабдықтарын тексеруге кірістік. Мен төменге қарай жүрдім, ол кеніштің екінші басына кетті. Сол жерден әрі қарай не істейтініміз жөнінде нұсқау күттік. 8-ден 10 минут кеткенде маған "ленталарды іске қос" деген нұсқау келді. 10 минуттан кейін техникамыздың жұмысы тоқтап қалды. Маған кеніштің шебері хабарласып, тез арада сыртқа шығыңдар деді. Шын керек, жөтеліп өзімді дел-сал сезініп, басым айналды. Әйтеуір әрең дегенде дәрі ішіп әрең есімді жидым. Шамалы кешіккенде мен де, әріптесім де сол жерде қалар едік. Абырой болғанда аман қалдым”, – деді "Абай" шахтасының электр слесарьі Сергей Владимиров.
Естеріңізге салайық, апаттан қаза тапқан алты адамның бесеуінің мүрдесі күні кеше жер қойнына тапсырылды. Жерлеу рәсіміне кететін барлық шығынды компания басшылығы өзі көтеретін айтады. Алайда қазір ауруханада ем қабылдап жатқан кеншілердің саны үш адамға жетті. Себебі оқыс оқиға орын алған күні тағы бір кеншінің денсаулығы сыр беріп, дереу емханаға жеткізіліпті. Айталық Абай ауданы әкімдігінің мәліметінше, 4 бала әкесіз қалды, оның екеуі әлі кәмелеттік жасқа толмаған.
Әйтсе де, “Абай” шахтасындағы айдың-күннің аманында болған қайғылы оқиға тұрғындарды да есеңгіретіп тастаған. Өйткені мұндай қасірет қаладағы көптеген отбасыда болуы мүмкін дейді олар.
Себебі, аудандағы 9 мыңға жуық ер азамат дәл осы өндіріс саласында еңбек етіп, жан бағып отыр.
“Мәселен, аудан бойынша барлығы 15 мыңға жуық ер азамат табыс тауып отырса, соның 9 мыңы өнеркәсіп саласында еңбектенуде. Қауіпті қызметке қала тұрғандары неге құмар десеңіз, Абайда сол апат болған жалғыз шахтадан басқа өндіріс орыны жоқ. Шаһарда бұрын күллі Кеңес үкіметін киіммен қамтыған тігін фабрикасы болыпты. Алайда алпауыт кәсіпорыннан бүгінде шағын ғана цех қалған. Сондықтан кенші болу – лайықты жалақысы бар жалғыз жұмыс орыны” – дейді қоғам белсендісі Юлия Шишкова.
Шахта біздің ер азаматтарға табысы көңілге қонымды жалғыз жұмыс орны. Абайда ер азаматтарға бұдан басқа жұмыс жоқ. Мұндай ауыр жағдайда жұмыс істеп жатқан кеншілерге жаным ашиды. Біздің өзіміздің тігін фабрикамыз болды, 3 ауысымда жұмыс істеген. Ол да кішірейіп қалды. Шахталардың да саны бұрын көп болатын.
Айта кетейік, 30 жылда "Арселор Миттал Теміртау" кеніштерінде 10 ірі жарылыс болып, салдарынан 100-ге жуық адам ажал құшты. Өндірістік жарақаттар статистикасы айтпаса да түсінікті.
Естеріңізге сала кетейік, бүгін, 7 қарашада Қарағанды облысындағы "Абай" кенішінде алты адам қаза тауып, тағы екеуі жарақат алған болатын. Зардап шеккен кеншілер қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысы қайғылы оқиғаға қатысты пікір білдірді. Кеншілер отбасына жан-жақты көмек көрсетуді тапсырды.